Шымкенттік кәсіпкер: Өндірісте көшбасшы болуды көздейміз
Шымкенттік Малика Убайдуллаева – бүгінде қанатын кеңге жайып келе жатқан шағын ұйымның жетекшісі. Бүгін компания шығаратын кофе мен қант әрбір дастарханның дәмін кіргізсе, бір реттік дымқыл майлықтары әрбір адамның қолынан табылуда. Stan.kz тілшісі де кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен толығырақ танысып қайтты.
Мемлекеттік қызметтен кәсіпкерлікке...
Малика Убайдуллаева – он сегіз жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, елдің дамуына орасан зор үлес қосқан жан. Осынау қайнаған тіршілікте бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігіне қарасты басқармалардың бірінде жұмыс істеп жүрген оның өмірі 2018 жылы өзге арнаға бұрылып сала берді. Ол қызмет атқарған облыстық әкімдік Түркістан қаласына көшірілді. Қызмет барысында мемлекеттік қызметкер болғанымен, отбасында ардақты ана, аяулы жар Малика Убайлуллаева отбасын тастап өзге қалаға бара алмады. Жұмыссыздар қатарынан табылған ол жаңа кәсіп бастауды ұйғарады.
Осындай қысылтаяң шақта, яғни 2019 жылы “Бастау Бизнес” жобасы бойынша білім алып, кәсіпкерлік әлеміне қадам басты.
“Бизнес Бастау” кәсіпкерліктің қыр-сырымен таныстырды
“Бастау Бизнес” курсында кәсіпкерлікті қалай бастаудан бастап, оны қалай жүргізу, дамыту қажеттігін толығымен меңгердім. Мемлекет тарапынан көрсетілген осындай зор қолдауға өз ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар бұл тұрғыда маған осы салада тәжірибесі бар жолдасым да өз қолдауын көрсетті», – дейді іскер келіншек.
Осылайша кәсіпкерліктің қыр-сырымен жете танысу арқылы «NEFIS GROUP» атты жаңа компанияның негізі қаланды. Кез келген істі ұршықша иіріп әкететін Малика Рахымбайқызы өзінің бизнес жоспарында бір рет қолдануға арналған дымқыл майлықтарды шығару ісін бүге-шүгесіне дейін баяндап берді. Майлықтың ерекшелігі – антисептикалық болуында. Коронавиурспен әлі күнге дейін күресіп келе жатқан біздің қоғам үшін бұл таптырмас тазалық құралы екені сөзсіз. Инновациялық жоба ретінде байқауда бақ сынаған оның жобасы комиссия мүшелері тарапынан қолдау тапты. Осылайша Малика Рахымбайқызы мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз 3 млн теңге көлеміндегі гранттың иегері атанды.
«Грант қаржысы кәсібін енді ғана қолға алып жатқан маған сол сәтте өте үлкен қолдау болды. Бұл бағытта жолдасым да қаржылық қолдау көрсетіп, Түркия мемлекетінен майлықтарды шығаруға арналған аппаратты арнайы тапсырыспен алдырдық. Осылайша жұмысымызды бастап кеттік”, – дейді Малика Убайдуллаева.
Күннен күнге өрісі кеңге жайылып келе жатқан кәсіпорын қазіргі таңда тәулігіне 25 мың дана ылғалды майлықтар шығаруға мүмкіндігі бар.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»
Жоғарыда атап өткеніміздей, Малика Убайдуллаеваның жолдасы Әлімжан Убайдуллаев бұған дейін өз кәсібін дөңгелетіп жүргізіп келе жатқан кәсіпкер-тін. Ол елге кеңінен тараған 3 те 1 деп аталып кеткен кофе шығару ісімен айналысатын.
2019 жылы құрылған “NEFIS GROUP” ЖШС өмірдегі жарасымды жұптың басын кәсіпте де тоғыстырды. “Бір жағадан бас, бір жеңнен қол” шығарып, іске білек сыбана кіріскен ерлі-зайыптылардың кәсібі өрге домалай бастады.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, осылайша «NEFIS GROUP» ЖШС дамудың даңғыл жолына бет алды. Ордабасы» индустриялды аймағында орналасқан «NEFIS GROUP» компаниясы бүгінде 36 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ел бойынша өндірісте көшбасшы болуды көздейтін компанияның алға қойған жоспарлары да жетерлік. «Қазақстанның үздік тауары – 2022» деп аталатын өңірлік байқау-көрмесінде жүлделі үшінші орынды иеленген компания алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырмақ.
“Жылдам еритін қант пен құрғақ сүт араласқан NEFIS-CAFE 3in1 өзінің хош иісімен ерекшеленеді. Өнім бүкіл әлемде танымал индонезиялық кофенің ең жақсы сұрыптарына негізделген. Жаңа дизайнмен қайта жаңғырған NEFIS-CAFE-нің дәмі оны татып көргендердің таңдайында ұзақ сақталары сөзсіз. Халықтың қажеттілігіне қарай қолға алынған кәсіп болғандықтан, сусынның бұл түріне деген сұраныс күн санап арта түсуде”, – дейді кәсіпкер әйел.
Кәсіпкер Малика Рахымбайқызының айтуынша, өзі басқаратын өндіріс орнына Германия, Түркия сынды шет мемлекеттерден әкелінген соңғы үлгідегі арнайы аппарармен жұмыс істейтін мамандарды табу да оңайға соқпапты. Мамандарды бұл бағытта оқыту арқылы осы бір мәселенің түйінін тарқатыпты.
Қазақстанның өзге аймақтарында сұранысқа ие
Бұған қоса ол өндіріс өнімділігін арттыру арқылы шығаратын тауарлар қатары да молая түскенін сөз етті. «NEFIS GROUP» компаниясының шығаратын өнімдер санатына қант та қосылды. «NEFIS FOOD» брендімен бүгінгі нарыққа бет алған қанттар халықтың сұранысына ие, дейді кәсіпкер.
“2020 жылы 400, 800 граммдық қанттар шығаруды қолға алған компания ары қарай да ассортимент түрін көбейте түскен. Бастапқыда қант көлемі 14х14 болып шықса, кейіннен 12х12, 16х16 көлемдегі қанттар шығарыла бастады. Одан кейін халықтың сұранысына орай арнайы қаптағы 5 кг, 10 кг-дық қанттар және қаптамадағы қанттар шығару ісі қолға алынды. Қазіргі таңда Шымкент қаласымен қатар, Түркістан облысына қарасты барлық аудан және қалаларды қантпен қамтып отырған жайымыз бар. Жамбыл мен Ақтөбеде де компанияның қанттары сұранысқа ие. 2022 жылы өнім ассортименті 11 атауға дейін өсті. Сондай-ақ айына 198 тонна өнім шығарылды. Республика бойынша басқа да аймақтарды қамтуға еліміздегі қант тапшылығы қолбайлау болып отырған көрінеді. Алдағы уақытта жағдай тұрақтанса, бұл жоспарларды жүзеге асыруға ниеттіміз”, – дейді компания басшылығы.
Жастар жұмысқа құлшынып тұрса...
Малика Рахымбайқызы жастарға мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын сөз етті.
«Елімізде өндіріс орындары қанатын кеңге жаюы үшін – кадр тапшылығы қолбайлау болып отырғанын айтуға тиіспіз. Бұл жағдаймен біздің компаниямыз да бетпе-бет келіп отыр. Бұл тұрғыда Халықты жұмыспен қамту орталығы жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге мұрындық болып келеді. Бірақ бұл мүмкіндікті пайдаланатындары да аз. Жастардың арасынан бүгінде жұмысқа жауапкершілікпен қарайтындарын табу қиын. Мәселе айлыққа келіп те тіреліп тұрған жоқ. Жалпы жастар арасында барық күш-жігерімен жұмыс істейтіндері саусақпен санарлық”, – дейді Малика Убайдуллаева.
“Бастау бизнес” жайлы
"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады.
Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең.
“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:
- Жастар (29 жасқа дейін);
- Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
- Қандастар, қоныс аударғандар;
- Мүгедектігі бар адамдар;
- Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.
Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн.
2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek порталы арқылы бере аласыз.
Дайындаған: Гүлмира Садық