Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік іскер әйел Шығыс Қазақстанда кәсібін дөңгелетіп отыр

Кеншілер қаласы Риддерге осыдан жеті жыл бұрын Шымкенттен көшіп келген көп балалы ана Анель Құрбанова бүгінде кәсіби түрде тігіншілікпен айналысып келеді. Бес жыл бойы өз бизнесін дөңгелетіп келе жатқан кәсіпкер әйелмен Stan.kz тілшісі әңгімелесті. 

Сурет: Жеке мұрағаттан

“Оңтүстіктен көшу оңайға соқпады”

Кәсіпкердің айтуынша, отбасының шығысқа көшуінің өзі қызық болыпты. Алдымен отағасы Берік Рсымбетовке Павлодарда тұратын досы қоңырау шалып, қоныс аудару бағдарламасы туралы айтқан. Бұл кезде Анель Құрбанова бала күтіміне байланысты демалыста болыпты.

“Осыны естіген соң өзімнің де қызығушылығым артып, ақыры жұмыспен қамту орталығына барып, бағдарламамен толықтай танысып қайттым. Қуанышқа орай, сәті түсіп, бір байламға келіп, 2015 жылдың қысында жолға шықтық. Оңтүстіктен шығысқа көшу оңай болмады. 

Риддер қаласына келе салысымен жұмысқа орналасуды ойлай бастадық. Жолдасым  спорт мектебіне жүргізуші, өзім балабақшаға тәрбиеші болып орналастым. Туған қаламыздан Шығыс өңіріне аяқ басқанда төрт баламызды тәрбиелеп отырған едік. Кішіміздің жасы – 1-де, үлкені – 7-де еді. Кенжеміз жиі науқастанып, арагідік ақ халаттыларға жүгінуге тура келетін”, – деп бастады сөзін кейіпкеріміз. 

Алайда баласының халін білейін десе, балабақша басшылығы жібере қоймаған көрінеді. Осындай қарбалас кезеңде ерлі-зайыптылар жеке кәсіп жайлы ойаныпты.

“Мұндағы ойым – мемлекет тарапынан субсидия рәсімдеп, кәсіп ашсам жұмысқа мүгедек жандарды тарту еді. Қаланың кәсібін арнайы шолып шықтым. Бұл жақта қыздың жасауы, құрақ құрап тігумен айналысатын адамды кезіктірмедім. Ұлттық киім үлгісі мүлде жоқ деуге болады”, – дейді тігінші. 

Арманы ақиқатқа ұласты

Ерлі-зайыптылардың екі жақтап еңбек етіп жүргендеріне екі жылдан асқан. Осы аралықта Анель Метхатқызы бесінші сәбиін өмірге әкеліпті.  Бала күтіміне байланысты ол тәрбиешілік қызметі уақытша тоқтады. Кәсіпке деген алғашқы қадамын да осы кезде жасаған.

“Алдымен өз жиған-тергеніме тігін машинасын алдым. Бастапқы қадам тамыр-таныс, көрші-қолаңнан түскен тапсырыстар бойынша шалбар балағын қысқартудан басталды. Істің барысы ілгерілей бастағанда, көршілеріміздің сұранысына орай түгеліне дерлік терезе перделерін тігіп бердім”, – дейді Анель Құрбанова.

Айтуынша, көбі тігіншілігіне тәнті болып, осыны кәсіп көзіне айналдыруға қолқа салған. Алайда отбасыға осы кезде кәсіп ашуға қаражат жағы кедергі болыпты. Арада аз уақыт өткенде Анель Метхатқызы “Бизнес Бастау” бойынша оқып, іске белсене кірісіпті.

Сурет: Жеке мұрағаттан

Емтихан тапсырып, екі миллион теңге иеленді

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында Анель Құрбанова жаңа бизнес-идеясын іске асыру мақсатында грант иеленіпті. Бұл жерде Анель Құрбановаға бизнес-жоспарды қорғауға бір ай жеткілікті болып, бастапқыда 240 мың теңгенің грантын ұтқанын сөз етті.

“Осы тұста кәсіпкерлер палатасының өкілдері көп балалы аналарға жеке кәсібін ашуда жеңілдіктер барын, бизнесті өрбітуге тағы да қаражат иелену мүмкіндігі жайлы айтты. Сөйтіп 2018 жылы рәсімдеп жіберген құжаттарым бірден қабылданды. 2019 жылы «Бизнестің жол Картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Атамекен» кәсіпкерлер  палатасы қолдауымен жобаны сәтті қорғап шықтым. Қажетті емтихан тапсырып, кейін 2 миллион көлеміндегі грантқа ие болдым”, – дейді кәсіпкер.

Тігетін бұйымдары тек ұлттық нақышта

Іскер әйел қазіргі уақытта сұраныс артып, тіккен бұйымдарына дизайнерлік тұрғыда өзгерістер енгізіп тұратынын тілге тиек етті.

Қазір автокөлік орындықтарына арналған қаптамалар, оюлы көрпеше, шиқұрақ, перделер, бесік жабдықтары, көрпе-жастық, тағы басқаларын тігумен айналысамын. Ерекшелігі сол, мұның барлығы қазақы ұлттық нақышта дайындалады. Енді жалға берілетін ғимарат іздеудемін. Өйткені өнімге сұраныс көп, алайда оның барлығын үйде тігу мүмкін емес. Риддер жұрты жиі хабарласпаса да, Шымкент, Алматы, Семей қалаларынан сұраныс білдірген қоңыраулар үздіксіз түсіп жатады”, – дейді “Бизнес Бастау” түлегі.

Сурет: Жеке мұрағаттан

“Кәсіп – күрделі үрдіс”

Анель Метхатқызы тігіншілікпен 13 жасынан айналысса, мұнысы анасынан дарыған қасиет десек орынды. Жеті баланың анасы көбірек сомаға өтінім беріп, бизнес бағдарламасы аясында тағы грант ұтуға ниетті екенін айтты. Алдағы уақытта ісінің одан әрі ілгерілейтіндігіне сенім мол.

“Декреттік демалыста жүрсем де тігіншілік тоқтамайды. Айталық, жуықта бесік той өтіп, соған арнап 30 адамға атаулы орамал әзірледім. Шанышқы салатын дайындадым, одан бөлек, жайнамазға да тапсырыс түседі”, – деді Анель Құрбанова.

Пандемия екпінін күшейткен кезде жұмысының тоқтап қалғаны біршама қиындық келтіргенін жасырмады. Әйтсе де азаматына арқа сүйеп, берекелі жанұяның жылуымен тігіншілігі аз уақытта қайта жанданыпты. Қазір бір айлық сәбиінің күтімімен отырса да кәсіпке қатысты жоспарын әбден пысықтап біткен. Кәсіп – бір адамның ғана әлеуетімен тұрмайды, күрделі үрдіс, деп қорытты сөзін ол.

“Бастау бизнес” жайлы

"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • Қандастар, қоныс аударғандар;
  • Мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek  порталы арқылы бере аласыз. 

Дайындаған:  Әділхан Есімханов

Талқылау