Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік азамат елордадан теннис турниріне келген комиссия мүшелерінің қымбат техникаларын жымқырған

Шымкентте теннис орталығынан құны 1 миллион теңгеден асатын техниканы ұрлаған  жас жігіт  ұсталды.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Polisia.kz
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, ұрланған ноутбуктер мен смартфондар Астанадан Шымкентке  теннис турнирін өткізуге келген комиссия мүшелеріне тиесілі болған.

"Бейнекамералардағы жазбаларды зерделеу кезінде, қаскүнем теннис ойнауға келгендей, спорт орталығына емін-еркін кіргені және ашық тұрған қызметтік бөлмеден қымбат техниканы қолды етіп, оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды", – делінген хабарламада.

Техникаларды қолды қылған азаматтың тағы 7 ұрлық фактісіне қатысы бары анықталды. 27 жастағы күдікті бұған дейін де осыған ұқсас қылмысы үшін істі болған. 

"Күдікті тағы бір ұрланған смартфонды кездейсоқ сатып алушыларға өткізу үстінде ұсталды. Ол бір ай ішінде 4 ұялы телефон, ноутбук пен 2 ойын приставкасын иемденген. Жалпы сомасы 2 млн теңгеден астам шығын емдеу орталығының, интернет-клуб және стоматологияның жұмысшылары мен шаштаразға келтірілген", – делінген ПД хабарламасында.

Ұсталған ер адам қамауға алынды. Қазір оның үстінен ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
 

Талқылау