Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі Tolem жаңа автобус жүйесі: Мыңға жуық кондуктор жұмыссыз қалды

Шымкентте 1 наурыздан бастап қалалық автобустар Tolem электронды жүйесіне көшуіне байланысты кондукторсыз жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мұндай шешімді мегаполис әкімдігі қабылдаған. Мыңға жуық кондуктор жұмыстан шығуға мәжбүр болды.

Жергілікті тұрғындар бұл жаңалықты екіұшты қабылдады. Қала тұрғындарының пікірінше, көлік жүргізушілері жолаушы көп уақыттарда жолаушылар ағынына төтеп бере алмайды, өйткені жолаушыларға қолма-қол ақша төлеген кезде билет беруге және артық ақшасын қайтаруға уақыт жұмсауына тура келеді. Шымкенттік автобустарда ұзақ уақыт бойы пилоттық жобада электронды төлем жүйесі болғанымен, көптеген жолаушылар оған үйренбеген.

"Кондукторлардың неліктен алынып тасталғаны белгісіз, тұрғындардан бұл бізге керек пе, жоқ па деп сұраған жоқ. Жүргізуші жолаушы тасымалдай ма, әлде ақша мен билет бере ме?", – дейді зейнеткер Ғанибек Өмірбаев.

"Мен елордада бірнеше жыл тұрдым. Онда кондукторсыз автобустар көптен бері жүріп келеді - тамаша. Tolem картасы екі жылдан бері бар, адамдар оған баяғыда ауысуы керек еді", - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Аделя Сүлейменова.

"Бір жағынан кондукторсыз жүргеніміз жақсы. Екінші жағынан олар үшін өкінішті. Өйткені олар жұмыссыз қалды, кейбіреулері осы жалақыға бір отбасыны асырап отыр еді", - деп есептейді Азиза Мадиярова.

Енді Шымкент қаласының қоғамдық көліктерінде жол жүру ақысын төлеудің төрт жолы бар: электронды Tolem картасымен, QR-кодпен, SMS-кодпен және қолма-қол ақшамен. Кейбір жүргізушілер жолаушы қолма-қол ақша төлесе, енді артық ақшасын қайтаруға мәжбүр боламыз деп наразылықтарын білдірді.

Шымкент қалалық көлік басқармасы бұған дейін қалалық маршруттарда мыңнан астам кондуктор жұмыс істегенін, оның жүзден астамы автопаркте бақылаушы ретінде жұмыста қалғанын хабарлады.

"Шымкентте кондукторсыз бірінші күн тыныш өтті. Бақылаушылар әлі ешкімге айыппұл салған жоқ. Олар жолаушыларға енді автобусқа кірген кезде жол ақысын өздері төлеу керек екенін түсіндіріп жатыр. Кондукторларды алып тастауға тұрғындар тарапынан келген шағымдар себеп болды. Кондукторлар мен жолаушылармен жанжалдар жиі болып тұратын. Осыған дейін Шымкентте мыңнан астам кондуктор жұмыс істеген. Жұмыссыз қалған кондукторлар жұмыспен қамту орталығынан лайықты жұмыс таба алады. Кейбір кондукторлар бақылаушы болып жұмысқа орналасты", - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгіралиев.

 

Талқылау