Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте жұмысынан шығып, есірткі тасымалдаумен айналысқан медбике ұсталды

Шымкентте жұмысынан шығып, есірткі тасымалдаумен айналысқан медбике қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында қала аумағында психотроптық заттарды тасымалдаумен айналысқан қызды ұстады.

Ол полицейлерді байқап қалып, есірткі пакетінен құтылуға асығып, оны тоқтап тұрған көлігінің астына лақтырып жіберген.

“Жедел қызметкерлер лақтырған затты тауып буманың ішінен 20 реттік дозадағы синтетикалық есірткіні тапты. Сонымен қатар, қыздың көлігінің салонынан тағы бір шағын орам гашиш табылды. Ал көліктің еденіндегі кілемнің астынан есірткіні жасыру кезінде қазуға арналған жиналмалы пышақ шықты", – делінген полиция хабарламасында.

Тергеушілер аталған фактіні ҚР Қылмыстық кодексінің "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу, жөнелту немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау" бабы бойынша істі тіркеді. 

Құқық қорғау қызметкерлері қыздың медбикелік қызметінен жақында ғана кеткенін анықтады.

"Қазір аталған факті бойынша Еңбекші аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдікті қамауда", – деді есірткімен күресуші Бауыржан Қарбеков.

Талқылау