Шымкентте жүкті әйелдерге мемлекеттік жәрдемақыны заңсыз көбейтуге көмектескен күдікті сотталды
Фото: istockphoto.com
Шымкентте 29 жастағы әйел жүкті әйелдерге арналған жәрдемақы көлемін заңсыз көбейтіп, алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Отырар арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Күдікті 21 жүкті әйелдің жәрдемақысын заңсыз көбейтіп, мемлекетке шамамен 22 миллион теңге шығын келтірген.
Тергеу мәліметінше, күдікті жүкті әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдер мен сақтандыру жарналарын заңсыз көбейту үшін 40 кәсіпкердің цифрлық қолтаңбасын пайдаланған.
“2024 жылдың сәуірінен желтоқсан айына дейін күдікті аталмыш әйелдерді жұмыс істейді деп тіркеген, алайда олар ешқандай жұмыс істемеген. Олардың атынан әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналарын алып, мемлекеттік қазынаға 21 809 917 теңге зиян келтірген”, – делінген сот материалдарында.
Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындады. Ол алынған қаражаттың бір бөлігін пәтер алу үшін алғашқы жарнаға жұмсаған. Іс бойынша жәбірленуші “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” әйелді кешірді.
Сот айыпталушыға 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алайда айыпталушының кәмелетке толмаған балаларының бары ескеріліп, жаза мерзімі 3 жылға қысқартылды. 22 миллион теңге көлеміндегі материалдық шығын айыпталушыдан өндірілетін болды.
Еске салсақ, бұған дейін декретке миллиондармен шығуға көмектескен екі қазақстандық 6 жылға сотталған еді.

"30 мың теңгеге азық-түлік аламын", "ажырасқандар салық төлесін": Көпшіліктің сынына ұшыраған депутат Ардақ Назаровтың даулы мәлімдемелері
