Шымкентте жол ережесін өрескел бұзған депутат мандатын сақтап қалды
Видеодан скрин
Шымкентте жол ережесін өрескел бұзған депутат Аманбаев мандатын сақтап қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жалған нөмірмен жол ережесін бұзғаны үшін бірнеше күнге қамауға алынған және жүргізуші куәлігінен айырылған депутаттың әріптестері Аманбаев этиканы бұзбаған деген қорытындыға келген.
Байдібек ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Марат Қырықбаевтың айтуынша, комиссия бұған дейін депутат Ерғали Аманбаевтың жауапкершілігіне қатысты мәселені мәслихатта қарастыру туралы ұсыныс жасаған.
Мәслихатта өткен жиында депутаттар Ерғали Аманбаевтың жол ережесін бұзуы депутаттық этика нормаларын бұзу болып саналмайды деген шешім шығарды. Сол себепті депутатқа тек депутаттық этика нормаларын сақтау туралы ескерту жасалды.
Сонымен қатар депутаттың жасаған әкімшілік құқық бұзушылықтарының сипатын ескере отырып, "AMANAT" партиясының Байдібек аудандық филиалы да Аманбаевты партиялық жауапкершілікке тартып, ескерту түріндегі жазамен шектелген.
Еске салсақ, тамыз айында желіде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың жол ережесін өрескел бұзған сәті түсірілген видео тараған еді. Кейіннен депутаттың көлігінің мемлекеттік нөмірі де жалған екені белгілі болды.
Нәтижесінде сот депутатты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 4 тәулікке қамау және 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру түрінде жаза тағайындады.

Шетелде бірнеше мүлкі бар, Құлыбаевтың компаниясында директор: Басы дауға қалған Олжас Байділдинов туралы не белгілі
