Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте жігіт терезеден құлап бара жатқан балаларды аман алып қалды

Шымкентте 21 жастағы жігіт 3-қабаттан құлап бара жатқан кішкентай балаларды аман алып қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Балалар ашық терезенің алдында отырған. Мұны көрген жас жігіт балаларға көмекке ұмтылған. Желіде жарияланған видеода екі жігіттің бірі сүйемелдеп, екіншісі үшінші қабатқа көтеріліп, баланы құтқарып қалғанын байқауға болады. 

Балаларды құтқарып қалған 21 жастағы Кирилл Коротков болып шықты. Ол оқиғаның 15 қыркүйек күні түскі уақытта, 16-шы ықшам ауданда болғанын айтады. Кирилл үйіне қайтып келе жатқанда екі бала ашық терезенің жанында тұрғанын байқап қалған.

"Әйелім екеуміз базардан келе жатқанбыз. Айғайлаған дыбыстарды естідік, көршілер, полиция болды. Ашық терезе алдында кішкентай ұл мен қыздың тұрғанын байқадым.  Ойлануға немесе қорқуға уақыт болмады, мен үшінші қабатқа көтерілдім, маған басқа жігіт көмектесті. Балаларды құтқардық, олар үйде жалғыз қалған болып шықты", - дейді Кирилл.

Кирилл Коротковтың айтуынша, 2-3 жастағы бала мен бір жасар қыз үйде үлкендердің қарауынсыз қалған және терезені өздері ашқан болуы мүмкін. 

"Есік құлыптаулы еді. Терезеден көтеріліп, есікті іштен ашып, сыртқа шықтым. Көршілері учаскелік полиция қызметкерін шақырнған, баланы сол кісіге қалдырдым. Балалар содан кейін не істегенін білмеймін, мен олардың ата-аналарын көрмедім ", - дейді Кирилл Коротков.

Олардың ата-анасы қайда болды және балалар заңды өкілдерге берілді ме, белгісіз. Полиция оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Ал, қалалық төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және терезеге күзет орнатуға шақырады.

Талқылау