Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте түзету мекемесінің қызметкерлері сотталғандарды азаптады деген күдікке ілінді

Фото: Ru.freepik.com

Шымкенттегі түзету мекемесіндегі сотталушылардың бірі мекеме қызметкерлерінен қорлық көргенін айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкент қаласы бойынша өңірлік өкіл Нұржан Әбдезов сотталғандардың бірін жеке қабылдады. Сотталушының айтуынша, қызметкерлер былтыр маусым айында оны азаптаған. 

“Қабылдау кезінде тағы бір сотталушының соққыға жығылып, жақ сүйегі сынғаны анықталды. Аталған жағдайлар бойынша өңірлік өкіл тарапынан жедел түрде тиісті әрекет ету шаралары қабылданды”, – деп мәлімдеді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл. 

Нәтижесінде медициналық көмекті уақытылы көрсетпегені үшін медицина қызметкерлері жауапкершілікке тартылып, мекеме қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді.

Құқық қорғау институты мекеме қызметкерлерінің әрекеттерінде азаптау белгілерінің болуына байланысты олардың әрекеттерін қайта қарау жөнінде жоғары қадағалау органына жүгінді.

Бас прокуратура аталған ұстанымды қолдап, былтыр жыл соңында сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлігіне қайта сараланды. Мекеменің үш қызметкері қамауға алынды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 05 Қаңтар, 2026 16:43