Шымкентте ер адам сөйлесіп жүрген қызын азаптап өлтіріп, мәйітін қорлаған
Фото: Stan.kz
Шымкентте сөйлесіп жүрген қызын азаптап өлтіріп, мәйітін қорлаған жігітке қатысты сот басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы жағдай биыл 12 наурызда болған. Студент қыз жігітке енді мазаламауын сұрап, ұялы телефонда қара тізімге жіберген екен. Бұған шыдамаған күдікті оны өлтіруге бел буған.
Осылай деп айыптау актісін оқыған прокурор қанды қылмыстың жай-жапсарын толық баяндап берді. Базардан арнайы пышақ сатып алып, көлік жалдаған жігіт 17 жастағы студентті университеттен алып кеткен. Жол бойы ұрысқан екеу қала шетіне тоқтап, ақыры арам ойын іске асырыпты.
"Сол жақ көкірек тұсына бір рет, арқа тұсынан екі рет соққы жасаған. Ерланқызының өлгеніне сенімді болу үшін Ерланқызының мойын аймағын өзінің сол қолындағы пышақпен бірнеше жарақат салып, өлгеніне көз жеткізген. Осыдан соң Тойлыбай өзінің қылмыстық әрекетін тоқтатпастан жәбірленуші Ерланқызының киімдерін толық шешіндіріп, жалаңаш денесіне қарап отырған", – дейді мемлекеттік айыптаушы Әскербек Пошимов.
Күдікті қаршадай қызды азаптап өлтіргенімен қоймай, мәйітін қорлап, видеоға түсіріп алған дейді айыптаушы. Осыдан кейін досына барып, екеуі марқұмды қапқа салып, елді-мекенге тастап кетеді. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана үйге оралмаған қыздарын іздеп, полицияға арызданған. Бір күн ішінде күдікті де, мәйіт те анықталыпты.
"Сіңілім өте ақжарқын, тік мінезді өжет қыз еді. Сол өжеттігінен заңгер боламын деп заң факультетіне оқуға түсті. Қайғылы жағдай бірінші курста оқып жіргенінде болды ғой. Жаңалықтан "қыз зорланды, қыз өлді" деген ақпарат естігенде қыздардың намысын қорғайтын заңгер боламын деуші еді. Қыршын кетті. Қимаймыз. Мұндай ауыр қылмыс істеген адам жай қалмауы керек. Өмір бойына бас бостандығынан айрылғанын сұраймын", – дейді марқұмның әпкесі Аружан Ерланқызы.
Берекені өлтірді деп күдікке ілінген 19 жастағы жігіт адам өлтіру бабымен жауапқа тартылса, мәйітті қапқа салыуына көмектесті деген досы қылмысты жасыру бабымен айыпталып жатыр. Ал, азаппен ажал құшқан Береке көзі тірі болғанда 22-маусымда 18 жасқа толар еді. Марқұм үйінде 5 баланың ортаншысы перзенті болыпты.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
