Бір келісі 5 мың теңге: Шымкентте сиыр етінің бағасы шарықтап кетті
Фото: Rru.freepik.com
Шымкентте сиыр етінің бағасы айтарлықтай қымбаттап кетті. Қымбатшылыққа жем-шөптің жетіспеушілігі, мал басының азаюы және өндірушілердің шығындарының көп болуы себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Соңғы бір аптаның ішінде сүйексіз еттің бағасы 4200 теңгеден 5000 теңгеге дейін қымбаттаған. Яғни, шамамен 20% өскен.
“Өндірушілер аз, жем-шөп қымбат, әрі экспорт көлемі де жоғары. Бізде үстеме баға онша көп емес, бірақ ет бәрібір қымбат”, – дейді сатушы Шухрат Муслимов.
Сатушылардың айтуынша, ет саудасы қатты төмендеп кеткен. Шымкенттіктер баға өссе де, амалсыз ет сатып алатындарын айтты.
“Ет жеуді азайтпаймыз, бірақ отбасылық бюджеттен бұрынғыдан да көп қаражат бөлуге тура келеді”, “Етті бұрынғыдан аз алып жатқан жоқпыз. Қайтеміз, бәрі қымбаттап жатыр”, – дейді тұрғындар.
Сарапшы Кирилл Павловтың айтуынша, оңтүстік өңірлер жем-шөпсіз қалды.
“Мал бордақыланып, етке өткізіліп жатқан жерлерде бұл үшін қажет шикізат жоқ. Қазір жем-шөп басқа аймақтардан тасымалдалып жатыр, бірақ оның логистикасы өте қымбатқа түседі, көлемі де үлкен. Сондықтан, бәлкім жем-шөпті түйіршіктеу сияқты жаңа әдістер қажет шығар”, – дейді ол.
Сарапшылардың айтуынша, келесі жылы ауа райы бұдан да ыстық болуы ықтимал. Сондықтан жем-шөптің тағы да жетіспеушілігіне дайын болу керек. Яғни, мал азығы қорын құрудың жаңа тәсілдері қажет.

"Балам әкесінің дертін "мұра" етіп алды": Қазақстандық шизофрениямен ауыратынын 16 жыл бойы әйелінен жасырып келген
