Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте шенеунік 300 мың теңге пара алғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды

Арал-Сырдария балық инспекциясы бастығының орынбасары заңсыз анықтама беріп, 300 мың теңге алғаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, шенеунікке пара алды деген айып тағылған.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары "балық аулайтын орын туралы" заңсыз анықтама берген. Ал мұндай құжатты әдетте мемлекеттік органдар браконьерлік жағдайлардың алдын алу мақсатында береді.

Өз кезегінде заңсыз анықтама бергені үшін шенеунік 300 мың теңге сұраған.

"Сотталушы Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызмет пен мекемелерде қызмет атқару құқығынан айырылды. Сотталушының кінәсі іс құжаттарында жинақталған дәлелдемелермен дәлелденді.Сотталушы өз кінәсін мойындамай, соттан оны ақтауды сұрады", - делінген хабарламада.

Талқылау