Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте салмағы 650 грамм шала туған шақалақтың көзіне ота жасалды

Шымкентте салмағы 650 грамм шала туған шақалақтың көзіне ота жасалдыФото: Видеодан скрин

Шымкенттік дәрігерлер бірнеше ай бойы шала туған сәбидің өмірі үшін күресті. Баланың көзінде қауіпті ауру бары анықталған соң, оған микрохирургиялық операция жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қыз бала 30 қараша күні жүктіліктің 25 аптасында дүниеге келген. Туған кездегі салмағы небәрі 650 грамм болған. Сәби бірден жансақтау бөліміне ауыстырылып, дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандырып, емді жалғастырды.

Тексеру барысында сәбиге шала туған балаларда жиі кездесетін ауру шала туған нәрестелер ретинопатиясы диагнозы қойылған. Бұл дерт дер кезінде емделмесе, бала көру қабілетінен мүлдем айырылуы мүмкін.

“Дәрігерлердің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде балаға №2 Шымкент қалалық ауруханасында кешенді офтальмологиялық операция жасалды. Операцияның ерекшелігі – салмағы тым аз нәрестеге жоғары дәлдікті талап ететін микрохирургиялық ота жасалды және оған ерекше күтім қажет”, – деп мәлімдеді қалалық денсаулық сақтау басқармасы.

Ота сәтті өтті. 

Шымкентте салмағы 650 грамм шала туған шақалақтың көзіне ота жасалдыФото: Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы

Қыздың дүниеге келгеніне 102 күн болды, салмағы 2400 граммға жетті. Дәрігерлер бала салмақ жинап, дамып жатқанын айтты. Қыз Айша деген есім беріліп, анасымен бірге үйге шығарылды. Алдағы уақытта ол тұрғылықты жеріндегі дәрігерлердің бақылауында болады.

Айым Болатқызы
Жұма, 13 Наурыз, 2026 08:47