Шымкентте полиция қызметкері тұтқын әйелді зорлаған
Фото: istockphoto.com
Шымкентте жедел уәкіл түрмеде отырған әйелді зорлағаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айыптау нұсқасына сәйкес, 2024 жылдың қыркүйегінде айыпталушы жәбірленушінің камерасына кіріп, анасына қоңырау шалуға апарамын деген сылтаумен оны қоймаға апарған. Сол жерде, жәбірленушінің қарсыласуына қарамастан әйелді зорлаған.
Анықталғандай, жәбірленуші әйел болған жағдай туралы бірден хабарламаған. Алайда 2024 жылдың қазан айында Шымкенттегі ҚАЖ мекемесінде медициналық тексеру кезінде әйелдің ерте жүктілігі анықталып, бұл жағдай арнайы тексеріс жүргізуге себеп болған.
"Тергеу барысында әйел зорлау фактісі туралы мәлімдеген. Диас М-ға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Диас өз кінәсін мойындамаған, жыныстық қатынастың "екі жақты келісіммен" болғанын айтқан. Кейін жәбірленуші де бастапқы мәлімдемесін өзгертіп, жүкті екенін білген соң күйзеліске түсіп, асығыс түсініктеме бергенін мәлімдеген. Алайда сот бұл мәлімдемелерді шындыққа сәйкес емес деп таныды", – делінген іс материалдарында.
Сот шешімімен жедел уәкіл кінәлі деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол іс жүргізу шығындарын өтеп, жәбірленушілерге көмек қорының есебіне шамамен 77 мың теңге төлеуге міндеттелді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда оқушы қызды зорлаған мұғалім өмір бойына бас бостандығынан айырылғаны туралы жазған едік.

"Жалаң қылышпен танктерге қарсы соғысқан": Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жойылып кеткен 106-шы атты әскери дивизия туралы не білеміз
