Шымкентте "Мерейлі отбасы" байқауының лауреаттарына президент сыйлығы табысталды
Шымкентте "Мерейлі отбасы" байқауының лауреаттарына президент сыйлығы табысталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Өнегелі отбасы – елдің тұтқасы! Жарасымды жұптар мен береке-бірлік қонған отбасылар қашан да көпке үлгі. Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтауда Елбасының бастамасымен қолға алынған "Мерейлі отбасы" конкурсының маңызы ерекше. Әрбір жанұя мерейлі, мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық.
Отбасы күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен онлайн форматта "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
Мемлекеттік хатшы салтанатты рәсімді ашып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді. Онда конкурстың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі және отбасылық құндылықтарды нығайтудағы маңызды рөлі айтылған.
"Мен Қазақстандағы әр шаңырақ берік болып, әрбір әулет бақытты ғұмыр кешкенін қалаймын. Сол үшін отбасы саясатына баса мән беремін. Ұрпақтың бойындағы адамгершілік пен адалдық, еңбекқорлық пен мейірімділік, ұлтжандылық пен отаншылдық сияқты асыл қасиеттердің бәрі, ең алдымен, отбасында қалыптасады", – делінген Президент құттықтауында.
Айта кетейік, биыл конкурсты өткізудің жаңа тәсілдері енгізілді. Соған сәйкес енді жыл сайын республика бойынша 17 үздік отбасы анықталатын болады.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
