Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мүгедек болып қалуы мүмкін: Шымкентте қоғамдық көлік жарысынан жолаушының омыртқасы сынды

Шымкентте қоғамдық көліктердің жарысынан жолаушы әйел мертігіп ауруханада жатыр. Әйелдің автобусқа мінем деп омыртқасы сынды. 40 жастағы Дилярам Юлдашева аяғынан тік тұрып кетуі үшін бірнеше ота жасатуы керек, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

Балаларымен бірге базарға бармақшы болған Дилярам Юлдашева діттеген жеріне жете алмады. Есік алдынан 138-ші бағыттағы қоғамдық көлікке отыра сала, автобус басқаларымен жарысқанын айтады.

Аялдамаға жақындаған сәтте күрт тоқтағанда бірнеше адам жерге құлапты. Көбін сол жерден ауруханаға жедел жәрдем жеткізген. Ал 40 жастағы әйел әлі күнге қимылсыз жатыр. 

"Ұшырып кетіп, кенет тежегенде құлап түстім. Бір апай басын жарды. Сол жерден шақырттым. Тұра алмай қалам ба деп қорқып жатырмын. Енді дәрігерлерге сеніп жатырмын. Құдайға және дәрігерлерге", - деді зардап шеккен жолаушы Дилярам Юлдашева.

Ал жолда жын ұрғандай жүйткимін деп, жолаушыны мүгедек қылған жүргізуші мен автопарк басшылары жәбірленушіден кешірім де сұрамаған.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жарақаты ауыр. Омыртқасы зақымданған жолаушыны аяғынан тұрып кетеді деп те ашып айта алмайды. Жағдайы тұрақталса, ота жасап, омыртқасына цемент құямыз деп отыр.

"Жабық омыртқа жарақаты бар, омыртқасының бір тұсы сынған. Әзірге тек симптоматикалық ем жүргізіп жатырмыз. Әрине, мүлдем тұра алмай қалуы да мүмкін. Енді тағы екі апта қадағалап көреміз", - деді нейрохирург Жандос Зәуірбеков.

Жолаушылар қауіпті деген 138-ші бағыттағы қоғамдық көлік Shymkent bus компаниясына тиесілі. Компаниядағылар сол кездегі жүргізушіні жұмыстан шығардық деп отыр. "Осыған дейін де жәбірленушінің туыстары келіп ақша талап етті" деген олар, қандай да қаржылай көмекті тек сот шешімімен беретінін мәлімдеді.

"Жәбірленушігі біз сақтандыру полисі арқылы көмек бере аламыз.  Ол үшін зардап шеккен жолаушы алған жарақатының дәрежесін көрсетуі керек. Сол дәрежесі бойынша сақтандыруға арналған ақшасы төленеді. Оны төлеу үшін біз сот қаулысын алуымыз керек", - деді  Shymkent bus компаниясының жол қауіпсіздік бөлімінің басшысы Жамалидддин Рысқұлов.

Жалпы Шымкентте жолдағы автобус жарысы қалыпты құбылысқа  айналған. Десе де Shymkent bus компаниясындағылар "жолаушылардың жәбір көргені осы жолы ғана" деп міз бақпады. Ал дәрігерлер автобуста жарақат алғандар апта сайын түсетінін ашық айтты.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр