Шымкентте қызға сталкинг жасады деген ер адам қамауға алынды

Фото: polisia.kz
Шымкентте полицейлер қызға сталкинг жасады деген күдікпен ер адамды ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бірнеше айға созылған қарым-қатынастан кейін, қыз жігітті ата-анасымен таныстырған. Артынша қыз жігіттің бұрын некеде болғанын білген. Осыдан кейін жәбірленуші қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдаған. Алайда жігіт үш айдан астам уақыт бойы қызға қайта-қайта қоңырау шалып, хабарламалар жіберіп, аңдып жүрген. Сондай-ақ оның отбасына зиян келтіруі мүмкін екенін айтып қорқытқан.
Өз қауіпсіздігіне алаңдаған қыз полицияға жүгінген. Құқық қорғау органдары жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Күдікті анықталып, ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция ескертеді: мазалау, қудалау және қорқыту - жеке жанжал емес, заңды тікелей бұзу болып табылады.
Мұндай әрекеттерге дереу әрі қатаң тосқауыл қойылады.
Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда сталкинг бабы бойынша алғаш рет қылмыстық іс қозғалғанын жазғанбыз.