Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте кәсіпкерлердің наразылықтарынан кейін бас санитар дәрігер қаладағы шектеу шараларын өзгертті

Шымкентте жүзден аса кәсіпкерлер қаланың бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысына қарсы шығып, оның жұмыстан кетуін талап етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап. 

Наразылық шараларының нәтижесінде бас санитар дәрігер қаладағы шектеу шараларын жеңілдетуіне тура келіпті. 

"Біздің тапқан табысымыз құлдырап кетті. Қазір көптеген тұрғындар Ораза ұстап жүр, соған байланысты аяққа тұрып аламыз ба деп ойладық. Біз өзі де сағат кешкі онға дейін ғана жұмыс істейміз. Егер халық ауырмасын десе, санитарлар қарқынды түрде қимылдасын. Біздің қызметімізге бөгет болғаннан басқа түк ешнәрсе тындырмайды", - дейді кәсіпкер Арман Таңсықбаев. 

Кәсіпкерлер бас санитардың отставкаға кетуін талап етіп, қала әкімдігінің алдына жиналыпты. Еске сала кетсек, Шымкент бір апта бұрын, "қызыл" аймаққа кіріп, осыған орай қаладағы карантин талаптары күшейтілген еді. Өз кезегінде қоғамдық тамақтану орындары карантин кезінде құрдымға кетуден қорқып, жаңа қаулыға қарсылық білдірген. Жерлестерінің бұл әрекетіне аймақтың бас санитары дәрігері ренжіген сыңайлы, десек те ол карантин шараларын өзгертіпті. 

"Қаулыда "қызыл" аймаққа кірген өңірде шектеу шаралары көрсетілген. Бұл қаулыны мен шығармаймын. Науқастардың саны көп тіркелген аймақтардың барлығында осындай жағдай. Бірақ біз кәсіпкерлердің сөздеріне құлақ астық. Сол себепті жаңа қаулыда тамақты тапсырыспен алдыртуға болатынын көрсеттік", - дейді Шымкенттің бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев. 

Талқылау