Шымкентте кәріз шұңқырына құлаған баланың өліміне байланысты 2 кәсіпкер қамауға алынды
Видеодан скрин
Шымкентте алты жасар баланың өліміне әкелген оқыс жағдай бойынша 2 кәсіпкер қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мердігер компания басшылары жарылған кәріз құбырын дер кезінде жамап, уақытында апаттың алдын алмаған. Тергеушілер кәсіпкерлердің немқұрайлығы 1-сынып оқушысының өліміне әкелді деп есептейді.
"Құрылыс жұмысында қауіпті аумақты қоршау және ескерту белгілерін қою бойынша міндетін орындамаған. Қылмыстық іс қозғалып, полиция аталған ЖШС басшыларын қамауға алды. Аталған құрылыс әлі бітпеген. Әкімдік балансына алынбаған”, – дейді Шымкент полиция департаменті бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Асылжан Қалдарбеков.
Былтыр "Тұран" шағынауданында кәріз құбыры жарылып, оны жамауға келгендер техникамен шұңқыр қазып тастап кеткен. Шұңқырға кәріз суы толып, тереңдігі үш метрлік көлшікке айналғанын тұрғындар әкімдікке талай айтқан. Жергілікті билік жұмысқа мердігерді жалдап, олар тағы бір компанияға тапсырса да жұмыс жасалмаған.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттегі Тұран шағын ауданында 6 жасар бала ашық жатқан кәріз шұңқырына құлап, ажал құшқан еді. Марқұм бүлдіршіннің туыстары қазаға әкімдікті кінәлады. Кейінірек осы оқиғаға байланысты аудан әкімі қызметінен кетті.

"Оқушылармен бір vibe-тамын": Желіде тренд түсірген мектеп директоры жұрттың ықыласына бөленді
