Шымкентте қандай есімдер жиі қойылатыны белгілі болды
Фото: pixabay.com
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Шымкент қалалық филиалы қалада дүниеге келген сәбилерге қойылатын ең танымал есімдер туралы қызық деректерді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Кейінгі жылдары ата-аналардың талғамы өзгеріп, балаларға шығыстық мәні бар есімдер жиі қойылып жүр. Мәселен, қыздарға Маруа, Хадия, Айсафи есімдерін берсе, ал ұлдар арасында Омар, Әбу Бәкір, Ибрахим есімдері танымал бола бастаған.
Сонымен қатар қазақтың дәстүрлі есімдері де өз маңызын жоғалтпай келеді. Қыздар арасында Көркем, Аяулым, Айкөркем, ал ұлдар арасында Ертұлға, Әміре, Дарын есімдері жиі кездеседі.
“Әр есім – ата-ананың жүрек қалауынан туған ерекше таңдау. Ол баланың болашақ бейнесін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады", – деді Шымкент қалалық филиалының директоры Айнұр Тобаева.
Айта кетейік, туу туралы куәлікті қазір онлайн түрде де рәсімдеуге болады. 2025 жылдың басынан бері Шымкентте 20 мыңнан астам нәрестеге туу туралы куәлік берілген.
Жас жұбайлар балаға бір жылдан аса ат қоя алмай, ажырасып кеткен
Алматыдағы көшеге Денис Теннің аты беріледі
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда соңғы жылдары жаңа туған балаларға араб және шығыстық мәні бар есімдер жиі қойылып жүргенін жазған едік. 2024 жылы қыздарға ең көп қойылған есімдер – Айлин, Медина, Асылым, Айша және Томирис болса, ұлдар арасында Мұхаммед, Айсұлтан, Мухаммад, Алихан және Омар көш бастады. Сарапшылардың айтуынша, қыз есімдеріндегі трендтер музыка мен мәдени ықпалдарға байланысты жылдам өзгерсе, ұл есімдері біршама тұрақты сақталып келеді. Мысалы, Медина есімінің танымалдығы 2018 жылы Jah Khalib-тің "Медина" әнінен кейін күрт артқан. Соңғы он жылда қыздарға ең көп қойылған есімдер қатарында Айзере, Айша, Медина, Раяна және Айлин болса, ұлдар арасында Алихан, Айсұлтан, Нұрислам, Амир және Омар есімдері бар.

"Баласы бар әйелге міндет арту – сауатсыздық": Қазақстандықтар сәбиі бар үйге қонаққа баратындарды сынады
