Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте кәсіпкерлер "Даму бала" бағдарламасына бөлінетін қаражат қысқаратынына наразылық білдірді

Фото: Видеодан скрин

Шымкентте "Даму бала" бағдарламасына бөлінетін қаражат қысқарып, талап күшеюі мүмкін. Бұл өзгеріс кәсіп иелерінің наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Тегін спорт секциясы мен өнер үйірмесін ашып, бизнесін дөңгелетіп отырған жандар бюджеттің ақшасын әрең жеткізіп отырмыз деп қапалы. Олар өзгеріс күшіне енсе, 200-ге жуық өнер орталығы жабылуға мәжбүр болады. Осылайша 50-ге жуық кәсіпкер бүгін әкімдікке жиналды.

“Менің өзімде жүзден астам оқушы келеді. Олардың өзі жылдап, екі жылдап кезекте тұрып, әрең дегенде бізге енді тіркелдік деген кезде біздің жабылуымызға тура келіп отыр. Себебі бізде олардың талаптары мен балаларға төлемақысы сәйкес келмейді. Біздің жалға алуымызды, материалдар шығынымызды жаппайды”, – дейді кәсіпкер Гүлнұр Сейітханқызы.

Мемлекет қолдауымен ашылған бағдарламаға бөлінетін қаржы қысқарып, санитарлық және өрт қауіпсіздігіне қатысты талап күшеймек. Сондай-ақ үйірменің шаршы метрі бұрынғыдай 30 емес, 50-ге жету керек. Мұны естіген бизнес өкілдері шығынға батамыз ба деп қорқады.

“Пилоттық жобаны іске асырып, қабылдап жатса, қазіргі жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің барлығы жұмыссыз қалады. Әкім орынбасары бәрін тыныштандырып, “ешнәрсе өзгермейді, бәрі керемет, бұрынғыша жұмыс істейсіңдер” деп қайтарған еді. Әкімдік біз туралы Астанаға “Шымкенттің кәсіпкерлері бәріне риза, бәріне қол қойып жатыр” деген ақпарат беріп отырғанын естіп жатырмыз”, – дейді кәсіпкер Айбаршын Байжігіт.

Ал шенеуніктер нақты шешім шыққан жоқ деп көпшілікті сабырға шақырды.

“Қазір қалалық әкімнің қаулысын дайындап жатырмыз. Бірақ оны жариялардан бұрын біз сіздермен талқылаймыз. Менің сіздермен талқыламауға толық құқығым бар. Айтпасам да болады. Қол қойып өткізіп жіберсем де болады. Бірақ мен сіздермен талқылау керек деп шештім”, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.

Айта кетейік, "Даму бала" бағдарламасы 2021 жылы еске қосылған еді. Жоба арқылы 6 жастан 16 жасқа дейінгі балалар спорт секциялары мен өнер үйірмелеріне тегін қатысады.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 12 Маусым, 2025 08:18
Талқылау