Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте атыс шығарған шетелдік азаматқа қатысты сот үкімі шықты

2023 жылдың ақпан айында ер адам Шымкенттегі қару-жарақ дүкенінде атыс шығарды. Кейін оның Өзбекстан азаматы екендігі анықталды. Бүгін, 6 маусымда оған қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот үкімін Шымкент қаласы Мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Самиддин Темірәлиев оқыды. Айыпталушы орташа қауіпсіздік мекемесінде 15 жыл жазасын өтейтін болды.

"15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге сотталды", - деді судья Самиддин Теміралиев

Еске салайық, бұған дейін 2 маусымда Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында сот процесі ашық қаралып жатқаны хабарланған болатын. Талқылау барысында прокурор айыпталушыны 16 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Шетелдікке бірден бірнеше бап бойынша айып тағылды: қарақшылық, адам өлтіруге оқталу және қаруды заңсыз сақтау.

Шымкенттегі "Арсенал" қару-жарақ дүкенінде атыс 2023 жылы 20 ақпанда Иляев пен Рысқұлбеков көшелерінің қиылысында болған. Оқиға орнына күзет агенттігінің қызметкерлері келіп жетті. Солармен белгісіз қарулы адам арасында дүкен ішінде атыс болды. Күзетшілердің бірі сол қолының саусағын жаралады, екінші күзетшіге оқ тигенімен, қорғаныс киімінен ары өтпеді. Ұсталған адам Шымкенттегі жалдамалы пәтерде тұратын 49 жастағы Өзбекстан азаматы болып шықты. Одан аңшылыққа арналған мылтық пен ұрланған Сайга карабині тәркіленді.

Талқылау