Шымкентте алаяқ қайтарымсыз грант алып беремін деп 100-ге жуық адамды алдап соққан
Шымкентте кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант алмақ болған 100-ге жуық тұрғын алданып қалған. Олар мемлекеттің грантын алып беремін деген адамға бір миллион мен он жеті миллион теңге аралығында ақша берген. Енді тұрғындар ақша да, грант та жоқ деп шағымдануда. Қазір іс сотқа жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро 31 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан алынды
Алаяққа алданғандар ішінде Түркістан облысының тұрғыны Фатима Жүсіпалиева бар. Оның айтуынша, үйіне келген танысы үш миллион берсең он миллион теңге кәсіп бастау үшін қайтарымсыз грант алып беремін деп қарызға батырып кеткен.
"Осы бала бір күнде шығарып береді. Ақшаны беруіміз керек. Басында құюымыз керек. Банк ашылып, ақша береді. Мен сізге азанда қолыңызға 10 миллион ұстатамын деді. Есікпен есік кіріп, займ алдырды ғой байым екеумізге. 8 жерден ба алдырды ғой. 170 мыңнан, 160 мыңнан", - деді тұрғын.
Түркістан облысы тұрғыны сияқты жеңіл жолмен мемлекеттен қаражат алып, кәсіп бастаймыз деп алаяқтың құрығына түскен 150-дей адам бар.
"Бәрімізге грант шығарып берем деп айтты. Барлық жұмыс істемейтін туысқандарыңды тарта бер деді. Мен жарайды деп тартқанмын. Қазір мен елдің алдында жүре алмаймын. Қарабет болған адаммын. 17 млн ақша бергем мен оларға", - деді Түркістан облысының тұрғыны.
Сотталушыға тұрғындардан мемлекет тарапынан берілетін пәтерді және кәсіпкерлер бағдарламасы аясында берілетін қаражатты алып беремін деп алдап, жәбірленушілерден жалпы сомасы 11 780 000 теңге ақшаны заңсыз жымқырған деген айып тағылған.
"Қылмыстық іс 2023 жылдың 8 желтоқсанында өндіріске қабылданып, бірінші сот отырысы 2023 жылдың 22 желтоқсаны сағат 15:00-ге тағайындалған", - деді Шымкент қалалық соты.
Соқыр тиынсыз қалдық деген азаматтар берген қыруар қаражаттарын қайтарып беруді талап етеді. Ал айыпталушының қандай жазаға тартылатынын сот шешеді.