Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте алаяқ қарияларды гипноздап, бар ақшасын жымқырып кеткен

Шымкентте қариялар гипноздың әсерінен алаяққа бар жиған-тергенін берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: mygazeta.com

Алаяқтардың құрбаны 73 және 68 жастағы жергілікті тұрғындар. Белгісіз әйел үйді сатып алу үшін көруге келген. Әңгімелесу барысында жалған сатып алушы әжелерге отбасына дуа жасалғанын, оны тез арада жоймаса, бір жамандық болатынын айтқан. 

Алаяқ тазарту рәсімін өткізу үшін алтын мен “қараңғы бөлмедегі қаралы күнге жинаған ақшаны” сұраған. Келтірілген жалпы шығын көлемі – 600 мың теңге. Қала тұрғындары есін жинаған бойда дереу полицияға хабарласып, болған жайды жеткізген. 

Жәбірленушілердің айтуынша, күдікті гипнозды қолданған. Себебі қариялар мұндай алаяқтыққа қалай түскенін түсінбейді. 

Күдіктіні Еңбекші аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері ізін суытпай ұстады. Бұған жедел басқару орталығының камералары көмектесті. Ұсталған азаматша мегаполисте алаяқтық жасауға бел буған Алматы қаласының тұрғыны болып шықты. Ол өзінің құрбандарын тек егде жастағы азаматтардың арасынан таңдаған. 

Шымкент полицейлері алаяқтардың мұндай айласына түсіп қалмас үшін тұрғындарға бейтаныс адамдарға сенбеуге, бағалы заттарына абай болуға кеңес береді.

Талқылау