Шымкентте ақша жымқырғаны үшін сотталған университет ректоры жазадан құтылып кетті

Шымкент қаласының апелляциялық соты Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы проректоры Қайрат Нұрманбетовке қатысты үкімді өзгертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Апелляциялық сот алқасы Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы бірінші проректоры, кейін ректор міндетін атқарған Қайрат Нұрманбетовке қатысты істі қайта қарап, нәтижесінде оған тағайындалған нақты жазаны өзгертті. Нұрманбетов бір іс бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылса, екінші эпизод бойынша толық ақталды.
Бірінші эпизод бойынша 2022 жылы Қайрат Нұрманбетов бірінші проректор қызметін атқарып жүріп, мемлекеттік сатып алуларды өткізу барысында өрескел заңбұзушылықтарға жол берген. Тергеу нұсқасы бойынша, жалпы сомасы 140 миллион 886 мың теңгенің ішінде 13 миллион теңгеден астам қаражат жымқырылған. Бірінші сатыдағы сот оның әрекетін "қызметтік немқұрайлылық" ретінде саралаған. Апелляциялық сот бұл құқықтық бағалауды өзгеріссіз қалдырып, алайда мерзімінің өтуіне байланысты Нұрманбетовті қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
Екінші іс 2024 жылы болған. Бұл кезеңде Қайрат Нұрманбетов университет ректорының міндетін атқарған. Осы уақытта оған мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен және қала құрылысы басқармасының тиісті келісімдерсіз 116 миллион теңгеге келісімшарттар жасасты деген айып тағылған. Алайда апелляциялық сот алқасы бұл эпизод бойынша қаражатты жымқыру фактісі дәлелденбеген деген қорытындыға келді. Сараптама нәтижесіне сәйкес, бөлінген қаражат университеттің бас ғимаратының бесінші қабатын жөндеуге жұмсалған. Сонымен қатар келтірілген залал толық көлемде өтелген. Бұл іс бойынша Қайрат Нұрманбетов толық ақталды.
Елдің оңтүстігіндегі университеттердің бірі 20 миллион теңгеге кресло алған
Алайда бұл іспен тергеу аяқталған жоқ. Экономикалық тергеу департаменті осы университеттегі 321 миллион теңгені жымқыруға қатысты істі жеке өндіріске бөліп шығарды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, жаңа қылмыстық істің күдіктілерінің қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттерінің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.
Тергеу дерегіне сәйкес, олар мемлекеттік сатып алу бойынша жалған келісімшарттар жасаған. Кейбір тауарлар мүлде жеткізілмеген немесе нарықтық бағадан әлдеқайда қымбат бағамен сатып алынған. Эпизодтардың бірінде құжаттарда көрсетілген кеңсе орындығының құны шамамен 20 миллион теңге деп рәсімделген, ал оның нарықтағы бағасы 200 мың теңгенің айналасында болған.
Тергеу барысында күдіктілер келтірілген шығынның 264 миллион теңгесін өтеген.
Еске салсақ, 2025 жылдың тамызында Шымкентте университеттің бұрынғы проректоры ақша жымқыру ісі бойынша сотталғаны туралы жазған едік.