Шымкентте аграрлық қордың бұрынғы басшысы 430 миллион теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Фото: Eldala.kz
Қаржы мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның бұрынғы төрағасы Жандар Омаровқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жандар Омаров алма бақтарын салуға бөлінген бюджет қаражатын иемдену фактісі бойынша, қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, жұмыстар мен жабдықтардың құнын негізсіз көтеру жолымен ұрлық жасады деген күдікке ілінді.
Бұл мақсатта ол өзімен байланысты “Green Mart Kazakhstan” ЖШС-нің басшысын тартқан. Ол бағдарламаға қатысушы болып көріну үшін достары мен туыстарының атына 20 жалған компания тіркеген. Шын мәнінде бұл тұлғалар ешқандай қызмет атқармаған және жобаға да қатыспаған.
“Жалған құжаттар негізінде Қорға 1,4 млрд теңге көлемінде лизинг алу туралы өтінімдер ұсынылып, олар кейін Қор тарапынан мақұлданған. Байқау рәсімдерін өткізбестен, жеткізуші ретінде бір ғана қатысушы — “Green Mart Kazakhstan” ЖШС таңдалған. Қаражат түскен соң, оның бір бөлігі кәсіпорындардың есепшоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған”, – деп мәлімдеді Қаржы мониторинг агенттігі.
Сонымен қатар жабдықтар қымбат бағадажеткізілген, ал жұмыстар орындалмаған. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 430 млн теңгеден асты.
  АҚ-нық бұрынғы төрағасы 2 ай мерзімге қамауға алынды.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Сондай-ақ осы іс бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К. Искаков пен “Green Mart Kazakhstan” ЖШС басшысы Р.Б. Сазынбек 8 жылға бас бостандығынан айырылып, 4 автокөлігі тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жандар Даниярбекұлы Омаров – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлік қоғамының басқарма экс-төрағасы. 1980 жылдың 22 тамызында Жамбыл облысында туған.
2001 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін “Бухгалтерлік есеп және аудит” мамандығы бойынша тәмамдаған.
  2004 жылы АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын “Халық шаруашылығын экономика және басқару” мамандығы бойынша бітірген.
  2011 жылы “Болашақ” халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританиядағы University of Stirling университетінде “Қаржы” мамандығы бойынша магистратураны аяқтаған.
Еңбек жолы
2001 жылдан бастап Жандар Омаров қоғамдық ұйымдарда, бизнес құрылымдарда және мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. “ҚазАгроИнновация” мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің директорлар кеңестерін басқарған.
2010–2012 жылдары — Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінде АӨК-де стратегиялық жоспарлау және инновациялық саясат департаменті директорының орынбасары, стратегия және корпоративтік даму департаменті директоры, ғылым департаментінің директоры қызметтерін атқарған.
2012–2015 жылдары — “Максимум” өңірлік инвестициялық орталығының басқарма төрағасы болды.
2016 жылғы ақпаннан бастап — “ЮгРегионПласт” компаниясының басқарушы директоры қызметін атқарған.
2016 жылғы маусымнан бастап — директорлар кеңесінің №7 шешімімен “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ басқарма төрағасы болып сайланды.
2017–2021 жылдары — Жандар Омаров қайтадан осы қордың басқарма төрағасы болып сайланды.
“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ мен оның аффилиирленген компанияларының акцияларына иелік етпейді.
 
Үй алудың жаңа мүмкіндіктері: Алдағы уақытта қандай тұрғын үй бағдарламалары іске қосылады
