Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 800 мұғалімнің басын қосқан тамыз конференциясы өтті

Шымкентте "Құндылыққа бағдар: Сапалы білім. Өзін-өзі бағалау. Жаңа мүмкіндіктер" тақырыбында ұстаздардың тамыз кеңесі өтті. 800 мұғалімнің басын қосқан жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов те қатысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

тамыз конференция

Аталған жиынға қала әкімінен бөлек қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мен мектеп директорлары келді. Кеңеске қатысушылар үшін арнайы көрме қойылып, білім беру ұйымдарының қызметкерлері мен оқушылардың өнері, ғылым мен білім саласында жеткен жетістіктері таныстырылды. Әдістемелік орталықтың ұйымдастыруымен жалпы 32 панельдік секция жұмыстары көрсетілді.

Жиынға қатысушылар көрмені аралап болған соң кеңестің салтанатты ашылуына куә болды. Конференцияда сөз алған Мұрат Әйтенов "Педагог мәртебесі туралы" Заңының қабылдануы, ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой - беделін арттырып, әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына бағытталғанын айтып өтті.

"Соңғы 3 жылда елімізде мұғалімдердің жалақысы 2 есеге артып, 2020 жылдан бастап бүгінге дейін 75 пайызға өсті, 2023 жылы жалақыға тағы 25 пайыз қосылатын болады. Мемлекет басшысының елімізде 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу міндеттемесіне сәйкес, Шымкент қаласында 101 мектептің құрылысын жүргізу қарастырылып, 51 мектеп пайдалануға берілді. 2 жылда бағдарламаның 50 пайызын немесе 11 мектепке артығымен орындап отырмыз. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке азайды. 2023 жылы қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілетін болады", - Шымкент қаласының әкімі.

Бұдан соң ағарту саласында ерекше жетістігімен көзге түскен ұстаздар "Мейірім", "Еңбек ері" медальдарымен және "Білім беру ісінің құрметті қызметкері", Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгілерімен марапатталды.

Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз мәслихатын өткізіп, балаларды оңалту шараларына қатысты мәліметтерді жария етті. Басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбековтың айтуынша, қазіргі уақытта жалпы 9 медициналық ұйымда қалпына келтіру және оңалту емі жүргізіліп жатқан көрінеді.

"Осы жылдың алты айында оңалтудан өткен жалпы бала саны – 3 773. Өткен жылмен салыстырғанда 865 балаға көп. Тәулік бойы стационарда 2 842, күндізгі стационарда 931 бала оңалтудан өткен. Шымкент қаласындағы оңалту емін жүргізетін оңалту орталықтары мультитәртіпті команда, реабилитолог дәрігерлер, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, эрготерапевтер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, әлеуметтік педагогтар, сондай-ақ түзету педагогтары, ойын, музыка терапевтерімен, монтессори-терапия мамандарымен қамтамасыз етілген", - деді Асылбеков.

Жалпы жиын еркін форматта өтті. Іс-шара барысында білім саласын дамытудың бағыттары мен маңызды мәселелері талқыланып, оқу пәндерінің педагогтары ұсыныстары мен пікірлерін диалогтік алаңда ортаға салды.

Талқылау