Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 6 адамды қаққан автобус апатына қатысты сот отырысы басталды

Шымкентте 6 адамды қаққан автобус апатына қатысты сот отырысы басталды.5 адамның өлімімен аяқталған басқарусыз автобус апаты сәуірдің сегізі күні орын алған еді. Stan.kz тілшісі сот отырысына қатысты.
Stan.kz

Бес айдан бері тергеуде болған Шымкенттегі автобус апатына қатысты ақыры сот отырысы басталды. Сот тыңдауына қоғамдық көлікке жаншылып қайтыс болған 5 жүргіншінің жақындары түгелдей келді. Олар 5 баланың анасы Азиза Егізбаева, 28 жастағы Азадхан Отапуллаева, 24 жастағы Айсана Тұрғынбаева, 9-сынып оқушысы Алина Жолдасбек пен 10-сынып оқушысы Танила Теңгебайдың ата-аналары. 

Stan.kz

Қайғылы оқиға болатын күні 43 жастағы Азиза Егізбаева, Азадхан Отапуллаева мен Айсана Тұрғынбаева сауда орталығындағы жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан. Ал, Алина Жолдасбек киім алуға, Танила құрбысы Дариғамен үйінен ауызашарға шыққан екен. Жолдың арғы бетіне өтпек болған олар ештеңені де сезіп үлгермеген дейді туыстары. 

Автобус қағып ажал құшқандардың ең үлкені қырық үш жастағы Азиза Егізбаева. Бес баласын бір өзі асырап отырған жалғызбасты ана сол маңайдағы сауда үйінде сатушы болып жұмыс істеген. 

Stan.kz

Бақилық болғандардың тағы бірі 28 жастағы Азадхан Отапуллаева. Алғашқы сот отырысына Азадханның анасы келді. 

"Менің бар сенгенім де, сүйенерім де осы қызым еді. Арқасүйерім, барымнан айрылып отырмын. Сол күні біз түскі бірде телефон арқылы сөйлескенбіз. Кейін мазасын алмайын деп хабарласқан жоқпын. Себебі, сенбі күні сауда үйіне келетін адам көп болады. Кешкі тоғызда құрбылары келіп тұр. Қызымның ауырып қалғанын айтқан олар ауруханаға әкелді. Бірақ, аурухана есігі жабық, ал қасындағы мәйітхана ашық тұр. Содан жалғыз перзентімнен айрылғанымды түсіндім. Кіргенде көйлегінен таныдым. Басының қалпағы ашылып кеткен екен. Содан кейін есімді білмеймін. Шыққасын құладым" -дейді марқұмның анасы Алтынай Тұңғатаева. 

Жалғыз қалған кейуана соттан әділ шешім күтеді. Әрі өз ісіне салғырт қарады деген жүргізушіге де кешірім бермейтінін жеткізді. Дәл осылай егіліп отырғандардың бірі марқұм Айсана Тұрғынбаеваның туыстары. 24 жастағы қызымызды енді ғана ұзатқалы отыр едік деген жақындары бұл іске автобус паркінің де кінәсі бар дейді. 

Stan.kz

"Бес адамның өмірі кетіп отыр ғой. Екі қыз оқушы ғой әлі. Жаңадан келген автобус дейді. Жаңадан келген автобусты тексеріп шығады ғой. Неге оны олар қарамайды? Бір күнде азаннан кешке дейін жүрген машина бұзылып қалмайды. Яғни ол ақауы бар.  Бұл жерде автобус паркінің де кінәсі бар", дейді Әбдірайым Алтынбекұлы. 

Басқарусыз қалған автобус апатынан қызын жер қойнына тапсырғандардың тағы бірі Серік Төлекпбаев. 9-сынып оқитын Алина Жолдасбек сол күні киім алу үшін шыққан екен. Апаттан соң аман қалған ол аурухана жеткізілген. Және өзінің аты-жөнін, қайда оқитынын айтып жан тәсілім еткен. Көлікті қалдырғанда тіреуіш қою керек еді деген әке қайғылы жағдайға жүргізушімен қоса автобус паркін де кіналап отыр. 

Қара жамылған әулеттің тағы бірі Теңгебаевтар. Қайғылы оқиға болатын күні 10-сынып оқушысы Танила құрбысы Дариғамен ауызашарға шыққан екен. Алайда, сөйлесіп тұрған құрбылардың бірі ауруханада жан тапсырып, екіншісі аман қалды. Бірақ, 11-сынып оқушысы Дариға Сейдалиева үшінші топ мүгедегі атануы мүмкін. Себебі, басы, көзі мен омыртқасына зақым келген. Осылай деген оның адвокаты сотталушыдан моральдық және материалдық шығын ретінде 6 миллион 300 мың теңге өтемақы сұрады. 

Ал, сотталушы Хайрулла Юлдашев сотта өз кінәсін мойындады. 49 жастағы 5 баланың әкесі сот басталғаннан басын көтере алған жоқ. Алайда, оның адвокаты бұл жерде автобус паркінің де кінәсі бар дейді. 

"Автобус күні бойы жүргенде тежегіші істемей қалуы мүмкін. Қызған салдарынан. Қазіргі таңда жәбірленушінің тарапы автопарк басшысы 5 миллион теңге бергенін мәлімдеді. берді. Егер автопарк кінәлі болмаса, 5 миллион не үшін береді?" дейді Бақытжан Сатыбалдиев. 

Айта кетейік, 24 жылдық жүргізушілік тәжірибесі бар Хайрулла Юлдашевтың үстінен 345- бап бойынша іс қозғалған. Яғни "Абайсызда екі немесе одан көп адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бабы. Егер кінәлі екені дәлелденсе бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айрылады.

Талқылау