Шымкентте 5 адам мерт болған жол апатына қатысты шыққан сот үкімімен марқұмдардың туыстары келіспейді
Шымкентте жантүршігерлік автобус апатына қатысты сот үкімі шықты. Қоғамдық көлікті басқарусыз қалдырып, соңында 5 адамның өлімімен аяқталған апатта жүргізуші күдікке ілінген еді. Жарты жылға жалғасқан тергеу мен сот нәтижесінде Хайрулла Юлдашев 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Алайда бұл үкіммен сотталушы да, жәбірленушілер де келіспейді. Stan.kz тілшісі сот отырысына қатысты.
Шымкентте жантүршігерлік автобус апатына кінәлі деп танылған жүргізушіге қатысты ақыры сот нүктесі қойылды. Соттың соңғы отрысына сотталушы мен жәбірленушілердің туыстары түгел жиналған. "Абайсызда екі немесе одан көп адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет" бабы бойынша қозғалған істе прокурор сотталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған екен. Алайда сот Хайрулла Юлдашевқа 5 жыл қамауды үкім етті.
“Юлдашев Хайрулла 345-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылсын. Оны осы бап бойынша көлік құралын айдау құқығынан 7 жылға айыра отырып, Юлдашев тағайындалған жазаны ҚАЖ-дің қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеу белгіленсін. Жазаны өтеу мерзімі 2023 жыл 17 қазаннан бастап есептелсін”, – дейді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Жанат Мүсірәлі.
Қоғамдық көлік тізгіндеуде 20 жылдық тәжірибесі бар Хайрулла Юлдашев болса, тежегішті басып кеткеніне сенімді. Апаттың автобус ақауынан орын алғанын айтты.
“Бала-шағам бар, отбасымның жалғыз асыраушысымын. Мен де өкінем бұл істің орын алғанына. Қасақана істемедім. Мен ручникті тартып кеттім. Әркім енді өзіне жаман ой ойламайды ғой. Өзімнің машинам сияқты сеніп, тастап кетіп едім. Бұған дейін де солай кіретінбіз. Себебі соңғы тұрақта дәретхана болмаған соң. Автобустан болған деп ойлаймын. Себебі бұған дейін де ручникке қойылған автобустар жүріп кеткені болған еді”, – дейді сотталушы Хайрулла Юлдашев.
Ал автобусқа жаншылып жан тапсырған марқұмдардың жақындары соттың бұл үкімі жеңіл дейді. Қайғылы оқиғаға автобус паркінің де кінәсі барын айтты.
“5 адамның өмірі кетіп отыр бұл жерде. 5 жыл деген аз менің ойымша. Менің асыраушым кетіп жатыр. Кешірдік енді Алланың өзі кешірсін, бірақ 5 жыл аз ғой. Мұсылман болған соң кешірдік. 5 баласы бар екен”, – дейді марқұмның анасы Алтынай Тұңғатаева.
“Бірінші кезекте автопарк кінәлі. Бәрі қытайдың көлігі. Олардан ақау кетіп жатады. Автобаза бұл жерде оңай құтылып кетіп жатыр”, – дейді марқұмның әкесі Садықбек Тұрымбетов.
Еске салайық, басқарусыз қалған 24 бағыттағы қоғамдық көлік бағдаршам жанында тұрған 6 адамды 8 сәуірде қаққан еді. Олар 5 баланың анасы Азиза Егізбаева, 28 жастағы Азадхан Отаппуллаева, 24 жастағы Айсана Тұрғынбаева, 9-сынып оқушысы Алина Жолдасбек пен 10-сынып оқушысы Танила Теңгебаева. Соңғы аталған жүргінші құрбысымен кетіп бара жатқан. Апаттан аман қалған ол қыз қазір үшінші топ мүгедектігін алды.