Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 3 жасар баланың саусақтарын ет тартқыш шайнап тастаған

Шымкентте үш жасар баланың қолын ет тартқыш турап тастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тоқпен істейтін құрылғы баланың саусақтарын зақымдаған. Ауыр отадан шыққан кішкентай науқас қазір ауруханада жатыр.

“Үстелге шығып алып, ет тартқышқа қолын тыққан. Тоққа тығып, үш бармағын айналдырып алып кеткен”, – дейді баланың әжесі Барно Артықметова.

Саусақтарын шайнап тастаған ет тартқышты өшіргенмен, жан дауысы шығып шыңғырған баланың қолын ала алмаған. Сондықтан дереу құтқарушыларды шақырыпты. Дәрігерлер балақайды дәрі беріп ұйықтатып, мамандар ет тартқышты арнайы кескішпен кесіп, қолын шығарған.

Қатты қорқып қалған балақай әлі бір аптадай емделуі керек.

“Бас бармағы, сұқ саусағы сақталған. Қалған 3-ші, 4-ші, 5-ші саусақтары толық ампутацияланды. Ет тартқыштың ішінде бармақтары шайналып, езіліп кеткен. Ол саусақтарын сақтау мүмкін емес, жарамсыз боп қалған. Ота жасалды”, – дейді Шымкент клиникалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ержан Байдуллаев.

Талқылау