Шымкентте 17 адам балмұздақтан уланған
Фото: pixabay.com
Шымкентте жыл басынан бері 17 адам балмұздақтан уланған. Суық десерт, әсіресе, аптап ыстықта қауіпті. Дәрігерлердің айтуынша, балмұздақ қатаң температура режимін сақтауды талап ететін тез бұзылатын өнім саналады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Барлық сүт өнімі +2-ден +4 градусқа дейінгі температурада, тоңазытқышта сақталады және дұрыс тасымалданбаса, бұзылып кетуі мүмкін. Бұл жағдайда олар қоршаған ортаға өте сезімтал болуы ықтимал, микробтар көп болуы мүмкін, балмұздақ машинасын жиі тазалап отыру керек", – дейді диетолог-нутрициолог Луиза Алтынбекқызы.
Мамандардың айтуынша, көбіне бұл талаптар еленбейді екен. Бұл ретте балмұздақ сататын орындарды санитарлық тексеру тек ресми шағымдар немесе прокуратурадан нұсқау түскеннен кейін ғана жүргізілуі мүмкін. Негізсіз жоспардан тыс тексеруге тыйым салынады.
"Прокуратурадан ұйғарым немесе мемлекеттік органдар мен жеке тұлғалардан арыз-шағымдар түссе, жоспарлы тексерулер жүргізіледі. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін санитарлық-ағартушылық жұмыстарын да жүргіземіз. Нысан жоғары қауіп тобына жататын болса және санитарлық қорытындысы болмаса, оның қызметі тоқтатылуы мүмкін", – деп атап өтті Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қоғамдық тамақтану нысандарын бақылау бөлімінің бастығы Әсем Дәулетова.
Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, құйылмалы балмұздақтан улану оқиғалары еліміздің барлық өңірінде тіркеледі. Соған қарамастан, тұрғындар оны сатып алады.
Балмұздақтың бұзылғанын қалай анықтауға болады? Өнім консистенциясы өзгергенін байқасаңыз, мұз кристалдары пайда болса, онда ондай балмұздақтан бас тартқан жөн. Кейбір балмұздақтың түсі немесе иісі өзгеріп, қышқыл немесе ащы дәм пайда болады.
Мамандар зауытта қапталған өнімдерді таңдауды ұсынады. Мұндай балмұздақ санитарлық бақылаудан өтеді және ауа өткізбейтін контейнерлерде сақталады, бұл бактерия түсу немесе ластану қаупін азайтады. Құйылмалы балмұздақтан айырмашылығы, қаптама өнімді сатушылардың қолмен ұстауынан және сыртқы ортамен жанасудан қорғайды.

Үлескерлерге қатысты заң өзгереді, Трамптың 25%-дық баж салығы күшіне енеді: Қазақстанда 1 тамыздан бастап не өзгереді
