Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарды 30 миллиард теңгеге алдаған алаяқ әйелден зардап шеккендер оқиғаларын бөлісті

Қазіргі таңда елімізде интернет алаяқтыққа қатысты даулы оқиғалар толастар емес. Соңғы уақытта әсіресе "Айс Мұратоваға алдандық" деген халықтың саны сәт сайын артып келеді. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген бір топ келіншек ел арасында лақап атпен танылып, "алаяқ әйел" атанған Арайлым Қожамұратоваға қалай алданғандарын ашық айтып берді. 

Айс Мұратованың шотына тікелей ақша аударып, алданып қалғандардың бірі – шымкенттік Жеңісгүл Алдабекова. Ол кезінде атышулы Айстың қол астындағы белді менеджерлерінің бірі болыпты. Енді елден жинаған 20 миллион теңгесін қайтарып ала алмай жүр. Ал қарапайым халық қаржысын талап етіп, оған тыныштық бермей қойған. Қазір ол Шымкенттен Алматыға қашып келгенін айтады.    

"Осы 2023 жылдың қаңтар айында Айс Мұратова туралы жұрттардан естідім. Содан кейін Айсқа: "Сізбен жұмыс істесем, командаңызға қосылсам" деп едім, "Екі миллион теңге бересің" деді. Мен келістім. Сөйтіп бір миллион теңгені келініме, екінші миллионды ініме кредит алдырдым. Сол екі миллион теңгені Айсқа беріп, оның менеджері ретінде ватсап чатына қосылдым. Кірген күннен бастап артымда бірнеше халық бар. Сол кісілерден тапсырыс алып, бірден Айсқа салып отырдым. Барлығы 20 миллион теңге аудардым. Осы уақытқа дейін Айстан бірде-бір зат алып көрген жоқпын. Ал қазір ел мені жеп жатыр. Шымкентте жүруге мүмкіндік қалған жоқ. Тентек адам сияқты Алматыға қашып келіп жүрміз. Қанша елдің аманаты. Елдер тура мен жеп қойғандай көреді. Мені Айс бұғаттап тастаған, ешқандай хабарламаны оқымайды. Чатта сөйлесең, жаман сөздер, боқтық сөздер айтады, чаттан шығарамыз деп қорқытады. Сол чатқа екі миллион теңге беріп кірдік, қаншама адамның аманаты бар. Чаттан шығып кетпес үшін ол жерде ештеңе айта алмай отырдық. Бұл кісілерге Құдайымдай сендім. Ендігі талабым – халықтың ақшасын қайтарсын! Балаларымды тастап, дуана сияқты Алматыда жүрмін", – деп жылады Жеңісгүл Алдабекова есімді әйел. 

Шымкенттен келген Айман Оразқызы есімді келіншект те Айс Мұратоваға 20 миллион теңгесін санап берген. Ел арасында "алаяқ" атанған әйел әуелде әлеуметтік желі арқылы тауарлардың түрлі видеосын көрсетіп, онлайн форматта фотоларды жариялаған. Бұған тұтынушылар имандай сенген. Сондай-ақ алданған халық Айс Мұратованың өзінен бөлек, бөле келіні Назерке Әуелхановаға, інісі Ерасыл Қожамұратовтың шотына қомақты ақша салған. Дәл осыдан кейін сан соғып қалғандардың бірі – Гүлдана Тәжиева. Алматылық әйел елді шулатқан Айс Мұратованың адамдарды алдау операциясы қалай жүзеге асатынын айтты.    

"Бұлар алғашқыда "жаңадан келді, тауар алсын" деп ұсақ-түйек заттарды береді екен. Содан кейін тауар алған адам әрі қарай үміт артып, сенеді екен. Сондай тәсілдері бар. Мен 2021 жылы сенбей жүрген едім, қасымдағы екі-үш қыз алған тауарларын көрсетті. Сосын мен де тауарға тапсырыс беріп едім, төрт-бес айдан кейін тауарларым келді. Мен оған қуана-қуана сеніп, әрі қарай тапсырыс бере бердім. Өйткені тауарлардың бағасы өте арзан. Сөйтіп балалардың жәрдемақысынан, өзімнің жалақымнан тауарға тапсырыс бере бастадым. Бұл Айс Мұратованың шын есімі Арайлым Қожамұратова екенін мен кеш білдім. Бұл лақап аты екенін білгенде мен мұның түбі дұрыс емес екенін біліп, тоқтатар едім", – дейді алматылық Гүлдана Тәжиева. 

Лақап ат демекші, бүгінде аты-жөнін жасырып, түрлі тәсілмен алаяқтық жасайтындардың қарасы көп. Мұндай оқиғаларды заңгер талай мәрте көргенін айтады. 

"Бұрын сотта болған ба, болмаған ба дегендей... Мысалы, егер бұл адам алаяқтық жауапкершілікке тартылған болса, сол арқылы біліп қоймасын деп өтірік ат жамылып жүруі мүмкін. Алаяқтардың неше түрлі тәсілі бар. Бұлар халықты алдап, сеніміне кіргізген соң, үлкен мөлшердегі ақшаны күтеді. Алғашында аздап тапсырыс бергендердің өтінішін орындап отырады да, үлкен партияға тапсырыс бергенін күтеді. Үлкен тапсырыс келгенде ақшасын алып алады. Халық алданғаннан кейін шулайды. Сол кезде алаяқ атын өзгертіп, басқа аккаунт ашып осы жұмысын қайта жалғастырып жүре береді. Олардың жоспары сондай. Мысалы, Айсұлу болса, ертең Сәндігүл, одан кейін Қалима боп жүре береді. Өйткені Айсұлуға алданған халық, Қалима алдамайтын шығар деп келеді. Мен мұндай оқиғаларды көргенмін", – дейді заңгер Тілеужан Кішкенебаев. 

"Айс Мұратоваға алдандық" деген халықтың дауысы депутаттардың да құлағына жеткен. Таяуда мәжілісмен Дәулет Мұқаев бұл мәселеніп көтеріп, ҚР Бас прокуроры Берік Ноғайұлына депутаттық сауал жолдаған еді. 

Ол қазіргі уақытта лақап атпен танымал болып кеткен Айс Мұратова туралы сөз қозғады. Оның шын есімі Арайлым екенін, екі жылдың көлемінде қарапайым халықты Қытайдан арзан бағада тауар ұсынатынын айтып алдап келгенін жеткізді.

Белгілі болғандай, қазақстандықтар мұндай “тиімді ұсынысқа” келісіп, тауар үшін қаражатты оған онлайн аударым арқылы жіберген. Алайда ақшасын алса да, әйел тауарды бермепті, ақшаны да қайтармапты. Осылайша республика бойынша 5 мыңнан аса азамат 30 млрд теңгеге алданған. 

Депутат сондай-ақ, Берік Ноғайұлына отбасылардың жағдайы ушығып бара жатқанын айтып, көмектесуді сұрады. Тергеу жұмыстарын әділ өтуін қадағалауын, жеке бақылауға алуын өтінді.

Айс Мұратоваға алданғаннан кейін талай отбасының берекесі қашқан, ет-жақын, дос-құрдастарының бетіне қараудан қалған. Тіпті кейбірі ажырасуға бел буса, енді бірінің күйзелістен денсаулығы сыр беріп, ауруханадан бір-ақ шығыпты. 

"Мұндай жағдайда тұрғанымды туған-туыстарым, жанымдағы ата-енем, ата-анам да білмейді. Өте ұятқа қалатындай жағдайда тұрмын. Өйткені "кіріңіздер, алданбайсыздар" деп өзімнің туыстарым, таныстарым, достарымның барлығын өзім сендірген болатынмын. Қазір енді қарабет болып, маска киюге тура келіп тұр. Ақшасын берген халық тыныштық бермейді, үйге келеді, телефонға хабарласады, қарғайды. Сол Айстың кесірінен өзім де ауру болдым. Ес-түссіз құлап ауруханаға да түстім. Ауа жұта алмай аппаратта да жатып шықтым", – дейді 30 миллион теңгеге алданған алматылық Меруерт есімді келіншек.

 "Айс Мұратова алдады" деген халықтың талабы жалғыз. Олар "алаяқ әйел" атанған келіншек қомақты қаржыны толықтай қайтарсын деп отыр. Ал қаншама адамды сан соқтырған Арайлым Қожамұратованың кінәсі дәлелденсе, қандай жаза күтіп тұр, қанша жылға сотталуы мүмкін? Заңгер ашығын айтты.

"Бұл жағдай ауыр қылмыстың санатына жатады. ҚР Қылмыстық кодекстің 190 бабының 4-бөлігіне саралануға жатады. Ол жерде бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", – дейді заңгер. 

Жәбірленуші тарап полицияға талай мәрте арыз жазған. Алайда құзырлы органдағылар алданған халыққа мардымды жауап бермеген көрінеді. Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау