Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әркімнің өз ойы бар деп есептеймін": Атышулы шымкенттік шенеуніктің орнына келген бойжеткен бұрынғы әріптесін жоғары бағалады

Шымкент жастар ресурстық орталығының экс-басшысы Данияр Алан жуырда қыздардың белдемшесіне қатысты атышулы видеоролигі мен әлеуметтік желілердегі әйелдер жайлы жазбалары үшін басы дауға қалып, басшылық қызметінен кетіп еді. Оның орнына келген Жұлдыз Балтабаева туралы не білеміз? Stan.kz тілшісі Шымкент жастар ресурстық орталығының жаңа басшысымен тілдесіп, даулы мәселе қызметтік мансабына әсер етпеді ме сұрап білді. 

Жұлдыз БалтабаеваШымкент қаласының тумасы Жұлдыз Балтабаева педагог-психолог және заңгер мамандығы бойынша екі жоғары оқу орынан бітірген. Бұл қызметке келмей тұрып та бірнеше басшылық қызметте істеген. Еңбек жолын он сегіз жасында газет тілшісі болып бастаған. Кейіннен үйлестіруші-координатор және Түркістан облыстық  "Жастар ресурстық орталығының" бөлім басшысы қызметінде болған. 

"Басшы болу қашанда жауапкершілікті талап етеді. Өзім студенттік уақыттан осы жастар саласында жүрмін. Практикант та, маман да болдым. Әр лауазымның қандай жауапты екендігін сезінгенмін. Сондықтан жұмыстың оңайы жоқ. Ең бастысы, оны жүрекпен, шын ниетпен, жақсы көріп жасасаң болғаны", - деген ол жастар саясатын жүргізу белгілі бір жүйеге құрылуы керек дейді.  

"Қазақстанның жастары – елдің басты байлығы. Еліміздің болашағы да жастар, сондықтан бізге қашан да үлкен үміт артылады. Үмітті ақтау үшін, мемлекетіміздің нығая түсуіне жастар бұрынғыдан да мол үлес қосуы керек деп ойлаймын. Әр жұмыстың басында ең әуелі бір жүйе керек. Жүйеге сүйеніп, әр істі өз дәрежесінде орындауға болады", - дейді Жұлдыз. 

Бұрынғы басшының  шулы посты басшылыққа әйелдің келуіне себепші ме деген сауалымызға Жұлдыз:

Жұлдыз Балтабаева

"Шу болғаны рас, алайда бұл тағайындау ол мәселеге қатысы жоқ. Бұл маған артылған сенім мен үміт болды деп ойлаймын. Барынша үмітті ақтауға тырысамыз", - деген ол қазақстандағы әйел құқығы туралы былай пікір білдірді.

"Шындығында, әйел - отбасының ұйытқысы. Тек отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істей алады", - деп ойын жеткізді. Ал "әйелдер - ерлердің еркелігі үшін жаратылды" деп мәлімдеген Данияр Аланның постына қатысты Жұлдызхан толеранттылық сақтағанды жөн көреді.  

"Данияр мырза -  білікті маман. Өз ісін нақты біледі. Әркімнің өз ойы бар деп есептеймін. Ол пікір, білуімше, 3 жыл бұрын жазылған. Жұмыс барысында ол кісінің қыз-келіншектерді қалай сыйлайтынын, қалай құрмет көрсететінін бәрі біледі. Сондықтан менің ойымша жұмыспен жеке өмірді араластырмау керек", - деп түйді ойын. 

 

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр