Шымкент тұрғыны жүрегі тоқтағаннан кейін 55 минуттан соң қайта тірілді
Фото: Freepik.com
Шымкент тұрғыны жүрегі тоқтағаннан кейін 55 минуттан соң күтпеген жерден қайта оянды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 23 маусым күні сағат 12:00 шамасында болған. Науқас қан қысымы көтеріліп, өз үйінің алдында құлап, есін жоғалтқан. Балалары лезде жедел жәрдем шақырған.
"Оқиға орнына келген фельдшер анамның жүрек ырғағын қалыпқа келтіру үшін дефибриллятор қолданды. Осылайша кардиология бөліміне жеткізді. Дәрігерлер тексеріп, жағдайы ауыр екенін, үміт бере алмайтынын айтты. Күтіп тұрған бізге дайын болыңыздар деді. Әлі де оянуын күтіп тұрған тұста "анаңыз есін жиды" деген хабар келді. Дәрігерлер анамызды аман алып қалу үшін бар көмегін жасапты", – дейді науқастың қызы.
Клиникалық өлімнен аман қалған ер адам арғы өмірде көргендерін айтты
Сондай-ақ ол "Хадиша" клиникасының кардиохирургия және кардиореанимация бөлімі қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі клиника дәрігерлерінен мән-жайды сұрап білді. Кардиореанимация бөлімінің меңгерушісі Еркінбек Нұртаевтың сөзінше, жедел шара қолдану нәтижесінде науқастың жүрек пен қан айналымы тұрақтанған.
Фото: Stan.kz
"Науқас 23 маусым күні жүректің жедел ишемиялық ауруымен жансақтау бөліміне түсті. Себебі тәж артериясына жедел тромб түзілуінен жүрек тамырындағы қан ағысы баяулап немесе толық тоқтап қалған. Содан миокардта жедел миокард инфарктісі дамыған. Ол асқынып, кардиогенді шок дамып, операция барысында жүрек тоқтап, клиникалық өлім туындады. Жедел реанимациялық шаралар қолдану нәтижесінде (жүрек өкпе реанимациясы 50 минут) жүрек пен қан айналымы тұрақтанды. Тәж артериясын стенттеу операциясы сәтті өтті. Реанимациялық шаралар өз нәтижесін беріп, инфарктқа қарсы ем жүргізілді", – дейді дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, қазір пациент қайта қалыпты өміріне оралды. Керекті арнайы дәрілік препараттарды уақытылы қабылдап, емхана кардиологының бақылауында болады екен. Қазір денсаулығы жақсы, ешқандай қауіп-қатер төніп тұрған жоқ дейді маман.
Айта кетейік, бұған дейін Ер адам жүрегі тоқтағаннан кейін 45 минуттан соң қайта оянғаны туралы жазған едік.

"Металлургияға 50 балмен түсуге болады": Биыл қазақстандық талапкерлер қанша балмен грант иесі атанды
