Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент тұрғыны құрт өсіріп, пайда табуда

Шымкент тұрғыны ерекше шаруаны қолға алған. Ол жауын құрт өсіріп, табысқа кенелуде. Ал, жыбырлаған осы шұбалшаңдарды сатып алушылар қатары күн сайын арта бастаған. Тіпті, арнайы іздеп келіп тапсырыс беретіндер де баршылық екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

құрт

"Табыстың кілті - табандылықта" дейді Ілияс Икрамов. Сөзінше, әкесі еңбекке ерте баулыған екен. Әрбір істі соңына жеткізіп, жемісін жегізіп үйреткен. Сондықтан, ол кез-келген бастаманы жүзеге асырмас бұрын, жобаның берер пайдасын есептейтінін айтады. Осылайша, Шымкент тұрғыны қарапайым жауын құртын өсіріп, пайда табуды жөн көріпті.

"10 теңгеден сатамын. Кейбір қала тұрғындары өздері айтады, 10 теңге сәл қымбаттау, 5 теңгеден берсеңізші деп. Ондай кезде мен 5 теңгеден беріп жіберемін", - дейді Ілияс Икрамов.

Әу баста 350 дана калифорниялық құрттан бастаған жас кәсіпкер небәрі алты айдың ішінде 210 мыңға жеткізіпті. Әрбір құрт 21 күн сайын көбейіп отырады екен. Саны артқан сайын қызығушылығы да ояна түскен. Оның үстіне, әр сенбі-жексенбі күндері сатып алушылар қатары артады. Бірі балық аулауға, енді бірі топырақты құнарландыруға әкететін көрінеді. Айтуынша, осы кезге дейін 50 мың данасын саудалапты. Қызығына батқаны соншалықты, шұбалшаңның топырақты құнарландыру жайында диссертация да қорғап үлгергенін айтады.

"Калифорниялық құрттары өте белсенді болады. Осы белсенділігінің арқасында бұл "Биагумус" деген тыңайтқышты жасап шығарады. Ол таза табиғи тыңайтқыш болып есептеледі. Химиялық қоспаларсыз", - деп қосты ол.

Шұбалшаңдарға таңертеңнен кешке дейін қараудың қажеті де жоқ. Күтімді де қажет етпейді. Тек, күнара 10 литр су сеуіп, топырағына жапырақ, өсімдік, көкөністің қалдықтарын тастап отырсаңыз болғаны. Сонымен қоректеніп, топырақты биологиялық тыңайтқышқа айналдырып шығарады екен. Оны егістікке пайдалансаңыз, екі есе өнім береді дейді.

"Бұл құрттарды біртіндеп сатамын. Балық аулаумен айналысатындар көп алмайды. 200-300-100 даналап 10 адам алатын болса, ол күнделікті тұрмысық қажеттілікті өтейтін ақшаны тауып қояды", - дейді Ілияс Икрамов.

Бүгінде Ильястың ауласында шағын жылыжай тұр. Оның өзі, шұбалшаң жобасын дамытуға бағытталған қайтарымсыз несиенің қаржысына тұрғызылған. Ішіндегі құнарлы топырақта құнарлы. Шағын кәсіппен отбасы мүшелері айналысады. Ерте көктемде жерге себілген қарбыздың дәні осы жерде көшетке айналып, егістікке отырғызылыпты. Икрамовтар әулеті енді жазға салым алғашқы өнімді жинауға кіріседі.

Талқылау