Шымкент пен Алматы облысында коронавирустың «дельта» штаммы анықталды
Алматы облысы мен Шымкентте коронавирустың үнді штаммын жұқтырғандар анықталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкентте де вирустың дельта штаммы анықталды. Осыған байланысты қала эпидемиологиялық ахуалдың "қызыл аймағына" өтті. Үнді штаммының табылғаны туралы әлеуметтік желіде қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жазған.
Айтуынша, өткен тәулікте 143 адам вирус жұқтырған. Ішінде бір айға да толмаған сәби де бар. Айта кеткен жөн, бұл штаммның жұғу көрсеткіші алдыңғыларынан 60 пайызға жоғары.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша өзгерген вирус ауруды асқындырып жіберуі мүмкін. Сондықтан қоғамдық орындарға барудан бас тартып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Маска тағып, иммунитетті арттыруы қажет екенін айтады.
Алматы облысында Талғар ауданындағы науқастардың бірінде дельта нұсқасы расталды. Бұл туралы аудандық аурухананың бас дәрігері хабарлады.
Еске сала кетейік, Алматыда “дельта” штаммды жұқтыру деңгейі күрт өсті. Бұл туралы бүгін қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлімдеді.
"Қалада соңғы 10-14 күнде инфекция деңгейінің тез көтерілуі байқалады. Егер бастапқыда дельта штаммы жұқтырғандардың жалпы санының 23 пайызын құраса, бүгінде ол 78 пайызды құрайды. Егер бастапқыда күніне 144 адам жұқтырған болса, бүгінде 305 жағдай. Жұқтырғандардың басым көпшілігінде ауру белгілері айқын көрінеді, симптомсыз тек 23 адам", – деді ол.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
