Шымкент қалалық Полиция департаментінің полк командирі қызметінен босатылды
Белгілі полиция қызметкері Данияр Мейірхан мен оның қарамағындағылар қызметтерінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің полк командирі мен оның бірқатар қарамағындағы қызметкерлері қызметтерінен босатылды.
Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері патрульдік полиция полкінің инспекторының 70 мың теңге көлемінде ақша алғанын хабарлаған болатын. Осыған байланысты полиция департаментінің кадр инспекциясы қызметтік тексеру жүргізді.
8 қыркүйекте тергеу қорытындысы тәртіптік комиссияның қарауына жіберілді.
"Комиссия өз кезегінде қорытынды шығарып, патрульдік полиция полкінің командирін, оның екі орынбасарын, рота командирін, оның орынбасарын және взвод командирін сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Бүгін Шымкент қалалық ІІБ бастығы Д.Таев оларды қызметінен босату туралы бұйрыққа қол қойды. Күдікті полк инспекторы полицей шеніне нұқсан келтіргені үшін қызметінен босатылды. Ұсталған полиция қызметкеріне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы "Пара алу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ол қамауда", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Мейірхан бұған дейін Түркістан облысы Түлкібас аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүргенде тергеуге алынғанда қызметінен босатылған болатын. Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы (Өзбырлық) бойынша жүргізілді. Мейірханның "GCA-Ontustik" ЖШС автосалонынан Kia Sorento автокөлігін заңсыз иемденіп алғаны айтылған. Кейін тағылған айыптар алынып тасталып, Мейірхан ішкі істер органдарына қызметке оралған болатын.