"Өлім аузынан қалдық": Шымкент әуежайында 200-дей жолаушы бір тәуліктен бері ұша алмай жатыр
Шымкент-Астана бағыты бойынша 4 қазанда ұшуы керек болған FlyArystan ұшағы бір тәуліктен бері көкке көтеріле алмай жатыр. Ал ондағы рейcті күткен 180 жолаушы әуежайда әлі жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
FlyArystan ұшағы кеше түскі үште Шымкенттен Астанаға ұшуы керек болған. Алайда рейс 20 минуттан кейінге шегеріліп, кешкі бестер шамасында бір-ақ қозғалыпты. Содан жылжыған әуе кемесі көкке көтеріле алмай жұрттың бәрі даурықты дейді жолаушылардың бірі.
“Ұшақ ішінде екі жүзге жуық жолаушы отырдық. Рейсті екі сағат күткеніміз аздай өлім аузынан қалдық. Әуе кемесінің дөңгелегі жүріп ұшуға сайланып бара жатқанда қатты дауыстар шығып, бәріміз айғайға бастық. Әйтеуір аманбыз. Ал ұшақ сол күйі көтерілмей жерге қонды. Содан бері жолаушылардың бәрі әуежайда сандалып жүр. Қонақүйге де орналастырмады”, – Айгүл Мырзабекова.
Жолаушы сөзінше компания өкілдері мән-жайды түсіндірмеген. Жолынан қалған жұрттың енді қашан ұшатынын да айта алмай отыр екен.
“Бізге ұшақтың бір құрылғысы істен шыққанын айтып жатыр. Оны тек шет елде сатады екен. Енді соны күтіп отыр. Ол заттың Қазақстанға қашан жеткізілетінін де бір құдай біледі. Не ақшамызды қайтармайды, не басқа әуе компанияларымен келісіп ұшырмайды”, – дейді жолаушы Айгүл Мырзабекова.
Амалы таусылған елге әуежайда түнеуге тура келіпті. Олардың ішінде жаназаға, тойға, науқас туысына бара жатқандар аз емес. Және Өзбекстан, Ресей азаматтары да бар.
“Техникалық себепке байланысты ұшақ рейісі кейнге қалды. 5-қазан кешкі 16:50 де Шымкент-Астана бағыты бойынша жолынан қалған жолаушыларды жөнелтеміз. Осы аралықта оларға билет құнын қайтару, қонақ үй және тегін тамақ көмегі ұйымдастырылды”, – дейді әуе компаниясының өкілі.