Шымкент-Алматы рейсі кезінде бала көз жұмды: Оқиғаның мән-жайы анықталды
Air Astana әуекомпаниясы Шымкент-Алматы рейсі кезінде ұшақ бортында көз жұмған баланың оқиғасын егжей-тегжейлі баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Air Astana баспасөз қызметінің хабарлауынша, анасы авиакомпанияға баласының ауыр жағдайы мен диагнозы туралы ескертпеген. Әйел қонған кезде ғана кресло мен көмек сұраған. Сондай-ақ, ұлының денсаулығы туралы мүлде хабар бермеген.
"Ұшу кезінде кенеттен бала ауырып, бозарып кетті. Бортсеріктер бортта дәрігерлердің бар екенін білу үшін хабарландыру жасады. Алайда медицина қызметкерлері болған жоқ. Бұдан соң, ережеге сәйкес, бортсеріктер алғашқы медициналық көмек көрсетті. Атап айтқанда, балаға оттегі берілді. Ұшақтың төмендеуі кезінде оның жағдайы одан әрі нашарлады. Дефибрилляторды қолдана отырып, жүрек-өкпе реанимациясы жүргізілді", - деді компания.
Содан кейін ұшақ командирі ішкі істер органдарына хабарлап, апат жағдайын жариялады. Оның өтініші бойынша қонуға айрықша басымдық беріліп, бортты жедел жәрдем дәрігерлері күтіп алды. Өкінішке қарай, бала қайтыс болды.
Кейіннен балада қатерлі ісік ауруы болғаны белгілі болды. Әуекомпания уәкілетті органдардың оқиғаға қатысты тергеу жүргізетінін мәлімдеді.
Әуекомпания басшылығы болған оқиғаға қайғырып, Аіг Astana атынан баланың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Жолаушыларға әуекомпанияның барлық экипажы дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетуге оқытылғанын хабарлаймыз. Әр ұшақта алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмектер бар. Алғашқы медициналық көмек жинағының құрамы қатаң реттелген. Сондай-ақ белгілі бір дәрі-дәрмекті дәрігердің нұсқауы бойынша ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ол үшін экипаж бортта дәрігерлердің бар-жоғы туралы хабарландыру жасайды. Сондай-ақ жолаушылар әуекомпанияны ұшуға қарсы көрсеткіштер және жолаушының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ауыр аурулар мен жағдайлар туралы хабардар етуге міндетті", - деп толықтырды Air Astana.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 9 шілдеде болды. Шымкент – Алматы бағытындағы КС 972 рейсінің бортында анасымен бірге ұшқан тоғыз жасар бала көз жұмды.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
