Шымкент әкімдігі президенттің құттықтауын әуеде табыстады
Шымкент әкімдігі президенттің құттықтауын әуеде табыстаған. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдік Халықаралық әйелдер күніне арналған президенттің құттықтауын Шымкент-Алматы бағытындағы ұшақтың ішінде табыстаған.
"Өткен жұмада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің көмекшісі Талғат деген бір алтын жігіт звондап тұр. "Президенттің құттықтау хаты келді. Шұғыл. Бүгін әкім тапсыруы тиіс", - деп. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының 4 хаты келіпті. Ала сала хат иелеріне хабарластым. Екі адресат қалада, екі ханым қалада емес екен. Әуезов университетінің ректоры, ұлағатты ұстаз Дария Пернешқызы мен олимпиада жеңімпазы, ұлт мақтанышы Әлия Жүсіпова Шымкентте емес екен", - дейді Шыңғыс Мұқан.
Әуезов универтситетінің ректорына хабарласып, Алматыға ұшып бара жатқанын білген әкімдік, сыйлығын әуеде табыстапты. Осылайша қала әкімдігі ұлағатты ұстазды таң қалдырды.
"Содан апта басталғалы Президенттің аманатын тапсыра алмай жүргенбіз. Кеш құрым хабарласып, құттықтау хатты тапсыруға рұқсат сұрадық. "Қазір кешке Алматыға ұшып бара жатырмын", - деді ректор Дария Пернешқызы. Қай ұшақ екенін біліп алдым. Дәл осы ұшақпен Алматыға бір жиналысқа ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысы Мәди Манатбек ұшып бара жатқан. Мәди Манатбек Шымкент-Алматы ұшағында 10 мың метр биіктікте бүкіл салонға хабарлап, Президенттің құттықтауы мен қала әкімінің атынан Шымкенттің символы - бір шоқ қызғалдақ гүлін табыс етті. Дәрия Пернешқызы шок болып жатыр, "күтпеп едім" деп", - дейді әкімнің бірінші орынбасары.