Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстандағы ауданда төтенше жағдай жарияланды

Аягөз аймағында қатты дауыл болды. Соның салдарынан жеті адам зардап шекті, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бүлінді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бұл аймақта төтенше жағдай жарияланғанын айтты.

Бұл туралы ол өзінің Инстаграмдағы ресми парақшасында жазды.

Даниал Ахметов 16 маусымда Аягөзде жылдамдығы секундына 28 метрге жеткен қатты жел болғанын атап өтті. Бүгін әкім бұл ауданда төтенше жағдай жарияланғанын айтты. Мұнда облыс басшысының орынбасары басқарған арнайы комиссия барды.

Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Ахметов қоластындағы адамдарға апаттық нысандар мен инфрақұрылымды бір апта ішінде қалпына келтіруді тапсырды, бұл үшін қажетті қаражат бөлінетінін айтты.

Бұған дейін бұл ауданда 72 жеке және 19 көп қабатты тұрғын үй бұзылған болатын. Сонымен қатар, сегіз әкімшілік ғимаратқа зиян келді. Дауылдың салдарынан ағаштар құлап, электр желілері үзілді. 3,6 мыңнан астам адам жарықсыз қалды. Қазір облыс әкімі атап өткендей, үйлер біртіндеп электр қуатымен қамтамасыз етілуде. Жеті адам түрлі жарақаттар алды. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 17 Маусым, 2020 18:31
Талқылау