Шығыс Қазақстан облысында тағы да бірнеше вагон рельстен шығып кетті
Шығыс Қазақстанда теміржолда цемент тиелген бес вагон рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 8 сәуір күні сағат 10.35-те Алтай – Күмістау теміржол учаскесінде болған.
Бір вагон "КузбассТрансЦемент" ЖШҚ (Ресей Федерациясы) меншігі болса, қалғаны "Каспий Цемент" ЖШС-ге (Қазақстан Республикасы) тиесілі. Пойыз 28 км/сағ баяу жылдамдықпен жүрген.
Оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысы тоқтамады.
Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Вагондардың рельстен шығу себептері анықталады.
Еске сала кетейік, осыған ұқсас оқиға бір аптадан аз уақыт бұрын дәл осы өңірде болған еді: 3 сәуірде Серебрянск қаласының аумағында Ертіс арқылы өтетін теміржол көпіріне кіреберісте бірден 18 вагон аударылып, оның алтауы суға құлады. Вагондар мыс-мырыш рудасын және шлактарды тасымалдаған.
Сондай-ақ бір ай бұрын, 28 ақпанда Курчатов қаласындағы Дегелең стансасында жүк пойызының вагондары аударылып кетті.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
