Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында бесінші қабаттағы пәтерде қамалып отырған мүгедектігі бар ерлі-зайыпты көмек сұрайды

Белоруковтар отбасыФото: видеодан скриншот

Шығыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар ерлі-зайыптының далаға шығуы мұң. Өйткені олардың бесінші қабаттан төменге түсіп, таза ауамен демалуға мүмкіндігі жоқ. Ал бір бөлмелі пәтері сау адамның да тынысын тарылтады. Қоғам өмірінен тыс қалған жандар жергілікті биліктен көмек сұрап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

40 жастағы Анастасия 14 жыл бұрын сал болып қалған. Ал жолдасы Владимир балдаққа сүйеніп, әрең қозғалады. Ең қиыны олар тұратын қуықтай пәтер жоғарғы қабатта орналасқан. Сондықтан күн ұзаққа төрт қабырғаға қамалған жандар сырттағы өмірді терезеден ғана бақылауға мәжбүр. Көпқабатты ескі үйде жеделсаты, мүгедектердің көтеріліп-түсуіне арналған қондырғы жоқ. Ал емханаға баратын кезде ақы төлеп, көршісінің көмегіне жүгінеді екен.

"Ауруханаға баруымызға көршім көмектескен. Ол да үшінші топ мүгедегі. Бірақ мені көтеріп-түскеніне 5 мың теңге төлейміз. Бұған дейін төмен түсіп жатқанда мені құлатып алған кезі болған. Сондықтан жағдайымды одан сайын қиындатып аламын ба деп қорқамын", – дейді Глубокое ауданының тұрғыны Анастасия Белорукова.

Белоруковтар отбасы арбамен түсуге арналған қондырғыны өз қаражатына орнатқысы-ақ келеді. Бірақ жәрдемақымен күнелтетін ерлі-зайыптының ақшасы дәрі-дәрмектен артылмайды. Сондықтан олар мүгедектігі бар жандарға жағдай жасай алмай отырған жергілікті билікке ренжулі.

"Әйеліме жиі сыртқа шығып, серуендеу керек. Бірақ оған қолымыз жетпейді. Тіпті біздің ескі үйімізді айтпағанда, басқа орындарда да қарапайым пандустар жоқ. Өзімізге тиесілі күндізгі стационарға барып ем қабылдауымызға да мүмкін болмай тұр", – дейді Глубокое ауданының тұрғыны Владимир Белоруков.

Ал шенеуніктер заң бойынша мүгедектігі бар жандардың үйге кіріп-шығуына жәрдемдесу көзделмеген деп отыр.

"Өкінішке қарай, заң бойынша баспалдақта көтеріліп-түсуін қамтамасыз ету көзделмеген. Сондықтан біз бюджет қаражатынан бұл қондырғыға ақша бөле алмаймыз. Бірақ отбасына жағдай жасау үшін қазір демеушілер іздеп жатырмыз", – Глубокое ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Маргарита Пономароева.

Қиындыққа тап болған отбасы төменгі қабатқа көшу үшін пәтерді сатпақ болған. Алайда ескі баспананы ешкім алғысы келмейді дейді. "Мұндай шарасыздық тек біздің ғана басымыздан өтіп жатқан жоқ" деп отыр Белоруковтар. Айтуларынша, елде мүгедектерге көңіл бөлу, олардың ел қатарлы өмір сүруіне жағдай жасау мәселесі әлі де өзекті.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 26 Тамыз, 2025 09:00
Талқылау