Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысы коронавирустың таралуы бойынша "қызыл" аймаққа көшті

Шығыс Қазақстан облысы коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша "қызыл" аймаққа көшті. Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА Шығыс Қазақстан облысының ақпараттық орталығына сілтеме жасап хабарлайды.


Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, 16 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің барлық өңірі жаңа омикрон штамының айналымына, сондай-ақ COVID-19 жұқтырғандар санының артуына байланысты "қызыл" аймаққа кірді.

Шығыс Қазақстан бірнеше апта бойы "жасыл" аймақта қалды, бірақ кеше "қызыл" аймаққа енді.

Денсаулық сақтау басқармасының ресми мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 17 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста бір тәулікте 213 жаңа науқас тіркелді. Оның 199-ы – симптоматикалық, 14-і симптомсыз вирус тасымалдаушылары. Осы уақытқа дейін аймақта омкрон штамы табылған жоқ. Төсекпен қамтылудың жалпы көрсеткіші 9,6 пайызды құрайды. Бір тәулікте төрт науқас сауығып кетуіне байланысты ауруханадан шығарылды. Барлығы 183 науқас стационар жағдайында ем алады.

Өңірдегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы брифингте Шығыс Қазақстан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин мәлім етті.

"17 қаңтарда облыстың бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысы шықты, оған сәйкес облыста санитарлық-карантин шараларын күшейту қайта енгізілді", – деді ол. – "Қызыл" аймаққа қойылатын талаптарда көзделген шектеу шаралары 2022 жылғы 20 қаңтардан бастап Шығыс Қазақстан облысының бүкіл аумағында қолданысқа енгізіледі. Шектеу шараларының режимі мен мерзімі өңірде COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуына қатысты жағдайдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін.

Құжатқа сәйкес, Бородулиха, Зайсан, Шемонаиха, Үржар аудандарында "Ауыл", "Бақты", "Майқапшағай" өткізу бекеттеріндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өтетін жол өткелдерінде төрт санитарлық бекет жұмыс істейді.

"Коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, 2022 жылдың 20 қаңтарынан бастап Шығыс Қазақстан облысында, оның ішінде "Ашық" жобасына қатысушы нысандарда қосымша профилактикалық іс-шаралар жұмыс істей бастайды", –  деді спикер.

Талқылау