"Шығын сомасы 100 миллион теңгеден асқан": Еуропадан жүк көліктерін алмақ болған алматылықтар сан соғып қалды
Фото: Видеодан скрин
Еуропадан жүк көліктерін сатып алмақ болған алты адам алданып қалғандарын айтты. Олар тиімді шарттар ұсынған бір фирмаға толық ақысын төлеп, алайда техникасыз әрі ақшасыз қалған. Шығын сомасы 100 миллион теңгеден асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Рузимурат Ишматов көктемде Еуропадан көлік жеткізетін компанияға жүгінген. Фирманы әлеуметтік желіден тапқан. Айтуынша, ұсынылған шарттар өте тиімді көрінген. Ол жүк көлігін тапсырыс беріп, ақшасын 100% төлеп, қолхат алған. Алайда көптен күткен техникаға қолы жетпеген, әрі ақшасынан да айырылған.
"Көп балалы әкемін. Жүк көлігі арқылы отбасымды асырайын деп ойлаған едім. Сол үшін кепілге қойып несие алдым. Енді үйсіз де қалдым, банктің меншігіне өтті. Қазір анамның үйінде тұрып жатырмыз, қарызға белшеден баттым. Өте қиын жағдайдамын", – деді жәбірленуші Рузимурат Ишматов.
Қазір алданғандар саны алты адам. Олар ақшасын қайтарып алмақ болып, компания кеңсесіне барған. Өкінішке қарай кеңседе ешкім болмаған. Компания өкілдері телефон қоңырауларына да жауап бермейді. Жапа шеккендердің заңгері Нұралы Мейрамғали шығын көлемі бүгінде 100 миллион теңгеден асып кеткенін айтады.
"Жәбірленушілердің бірі қазіргі ауруханада жатыр. Осы жағдайға байланысты инфаркт алған. Қылмыстық іс аясында тек бір күдікті – Данияр Үтешев қамауға алынды. Ал екінші күдікті іздеуде жүр, соған қарамастан TikTok желісінде адамдарды алдауды жалғастырып жатыр. Ол әлі де Еуропадан көлік жеткізіп беремін деп уәде етіп келеді", – деді Нұралы Мейрамғали.
Полиция мәліметінше, ресми түрде бес адам арыз түсірген. Қазір бұл бойынша "Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Қылмыстық іске қатысы бар күдіктілердің бірі қамауға алынды. Қазір басқа да қатысы бар адамдардың жеке тұлғасы мен орналасқан жерін анықтау және оларды ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді Алматы полиция департаментінің өкілі.
Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айырылады.
Сарапшылар сатып алған соң арзандап кетпейтін автокөліктерді атады
Астана мен Алматыдағы айып тұрақтары енді ақылы болады
Еске салайық, бұған дейін Қытайдан әкелінген көліктерді заңдастыруда қазақстандықтар қиындыққа тап болғанын жазған едік. Жаңа заң бойынша электронды құжат қажет, бірақ оны беретін зертханалар аз, жүйе дұрыс істемейді. Осылайша мыңдаған көлік кеден қоймаларында қалып қойды. Министрлік пен жүйені басқарушылар мәселені бір-біріне сілтеп отыр екен.

"11-15 жастағылардың үлесі 2 есе артқан": Жасөспірімдердің шылымға тәуелдігімен қалай күресуге болады
