Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

400 миллион теңге шығын: Несие алу үшін жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеген компания әшкере болды

Тәркіленген ақшаФото: видеодан кадр

Қаржылық мониторинг агенттігі "Comfort Time" ЖШС және басқа да бақылаудағы кәсіпорындардың басшылығына қатысты алдау арқылы мүліктік залал келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Агенттік мәліметінше, қылмыстық схеманың ұйымдастырушылары бірқатар заңды тұлғаларды тіркеп, солар арқылы несие алуды көздеген, алайда іс жүзінде еңбек қатынастарында болмаған азаматтардың атына жалған зейнетақы аударымдарын рәсімдеген.

"Салдарынан қарыз алушылардың табыстары мен төлем қабілеттілігі туралы жалған деректер қалыптастырылып, банктер соның негізінде несие рәсімдеген. Бұл заңсыз қызмет үшін ұйымдастырушылар қарыз алушылардан берілген соманың 10%-ына дейін "сыйақы" алып отырған", – делінген ресми хабарламада.

Көп жағдайда несие алушылар банктер алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтарған.

"Осы қылмыстық схема аясында 399 млн теңге сомасына қайтарылмай қалған 140 несие алынған. Көбіне қарыз алушылар қатарында жұмыссыз азаматтар немесе теріс несие тарихы бар тұлғалар болған", – деп мәлімдеді ҚМА өкілі.

Мұндай фактілер Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Жетісу, Абай, Маңғыстау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарынад анықталған.

Аида Тақабаева
Сейсенбі, 19 Тамыз, 2025 15:03
Талқылау