Қазақстандықтар елімізде және шетелде босанған қандай екенін салыстырды: Бала туу құны мен дәрігердің қарым-қатынасы қалай ерекшеленеді
Бүгінде қазақстандық әйелдер арасында шетелде босану кеңінен танымал бола бастады. Бірі баласына болашақта жақсы мүмкіндіктер беру үшін осындай қадамға барады. Екіншісі отандық денсаулық сақтау жүйесіне сенімсіз болғанынан шетелдік медицинаға жүгінеді. Дегенмен Stan.kz тілшісі шетелде босанған қазақ қыздарынан жергілікті перзентханалардың қандай артықшылықтары мен кемшіліктері бар екенін сұрап білді.
Фото: Stan.kz | Бағдат Әділованың жеке архивінен
"Америкада босану қымбат"
Астаналық Бағдат Әділова тұңғышын Америкадағы Флорида штатына қарасты Мелборн қаласындағы мемлекеттік перзентханада босанды. Бағдат Америкада босану көптеген артықшылық береді деп есептейді. Біріншіден, бала автоматты түрде АҚШ азаматы атанып, болашақта сол елде білім алу мүмкіндігіне ие болады. Екіншіден, ол америкалық медициналық мекемелердің жоғары деңгейде екенін атап өтті.
"Күйеуім үш жыл бұрын АҚШ-та оқуын аяқтап, мамандығы бойынша студенттік виза арқылы жұмыс істеп қалды. Визамыздың мерзімі аяқталуға жақын, сондықтан ол магистратураға түсті. Алдағы бес жыл осында тұруды жоспарлап отырмыз, бірақ болашақта қайда қалатынымыз белгісіз. Америкада босанудағы басты себеп – Америка азаматтығын алу. Алғашқыда дәрігерге тексеруге барған кезде қатты қобалжыдым. Алайда бұл жақтағы атмосфера өте қолайлы болды. Әр қызметкер, әр медбике құрбыңдай тілдесіп, қарым-қатынас жасайды", – деді Бағдат Әділова.
Америкада медициналық сақтандыру жүйесі табыс деңгейіне байланысты әртүрлі мүмкіндіктер ұсынады. Егер отбасының жылдық табысы 25 мың доллардан аз болса, мемлекеттік Obamacare бағдарламасы арқылы тегін медициналық сақтандыру алуға болады. Бұл сақтандыруды алған адамдарға барлық медициналық қызметтер тегін көрсетіледі.
"Егер отбасының табысы 20 000 доллардан көп болса, бұл бағдарламаға ілікпейді. Сондықтан жеке сақтандыру агенттіктерін іздеу қажет болды. Америкада босану өте қымбатқа түседі.
Мысал ретінде:
- Перзентханада палатада бір күн жату – 3 000 доллар (1 512 390 теңге)
- Жалпы шығын 20 000 доллардан (10 082 600 теңге) көп болды.
Жеке-жеке қарасақ:
- 9 ай бойы гинекологқа қаралу, УДЗ, анализдер – 5 000 (2 520 650 теңге) доллар
- 3 күн палатада болу – 11 000 доллар (5 545 430 теңге)
- Әрі қарай олар дәрігерлердің қызметін бөлек санайды. Олардың шығыны – 4 000 доллар (2 016 520 теңге).
Бұл бағалар медициналық сақтандырудың бар-жоғына және таңдаған ауруханаға байланысты өзгеруі мүмкін", – деді Бағдат Әділова.
"Жағдайды сұрай бергенінен де шаршап кетесің"
Отандасымыз Америкада медициналық қызмет бағасы адамның табысына қарай өзгеріп отыратынын айтады. Бағдаттың сөзінше, жалақың неғұрлым жоғары болса, дәрігерлердің қызмет ақысы да соғұрлым қымбат болуы мүмкін.
"Аурухана шығыны нақты қалай жүргізілетінін түсіну қиын, себебі әр науқасқа әртүрлі есепшот шығарады. Мұнда белгілі бір жүйе жоқ. Бұл түсініксіз және кейде әділетсіз болып көрінеді. Дәрігерлер мен медбикелер 5 минут сайын келіп, жағдайды сұрай бергенінен де шаршап кетесің. "Көңіл-күйіңіз қалай? Баланы алып кетейін бе?" деп сұрайды. Бала қатты жылап кетсе, олар бірнеше сағатқа қарауға алып кетеді. Жуындырып, жөргегін ауыстырып беріп отырады. Палатада тек өзім жаттым. Жанымда диван болды, онда жолдасым демалды. Босанғаннан кейін палатаға ауыстырғанда маған тауық наггетстері мен картоп фри әкеліп берді. Бұл маған қызық болып көрінді. Кейін басқа қызметкер келіп, алдын ала келесі күнгі ас мәзірін талқылады. Келесі күнді кәдімгі тамақтар болды", – деді Америкада босанған әйел.
Бағдат босану кезінде акушердің өте сыпайы болғанын әрі қолдау көрсеткенін атап өтті. Ол әйелді психологиялық жағынан "Сенің қолыңнан бәрі келеді", "Бәрін дұрыс істеп жатырсың", "Босанып жатқан әйелдердің ішінде ең мықтысы сенсің" деп жігерлендірген. Бұл Бағдатқа үлкен мотивация беріп, өзін сенімді сезінуге көмектескен. Ол Қазақстандағы босану тәжірибесі керісінше екенін естіген. Кейбір жағдайларда акушерлер әйелдерге ұрысып, қысым көрсетеді дегенді естіген.
Бағдаттың сөзінше, америкалық акушердің өте сыпайы әрі қолдаушы болған. Тіл кедергісі туындағанда, онлайн аудармашы пайдаланылған. Босанғаннан кейін арнайы қызметкер нәрестенің құжаттарын рәсімдеуге көмектескен. Алайда Бағдат медициналық шығындардың күрделілігін ескерту қажет дейді. Ол маститке байланысты ауруханаға түсіп, әртүрлі медициналық мамандардың қызметтері үшін жеке-жеке төлем алған. Барлық шығынды шамамен 1,5 жыл бойы өтегенін айтады. Сол себепті АҚШ-та босануды жоспарлағандарға сақтандыру мүмкіндіктерін алдын ала зерттеуге кеңес береді.
Жапонияда анасының күш жинауы үшін оған арнайы жағдай жасалады
Қазақстандық Бота Болат Жапониядағы босану ерекше әрі үлкен тәжірибе екенін атап өтті. Отандасымыздың пікірінше, басқа елдердегі босану процесінен айтарлықтай ерекшеленеді.
"Бұл елде дәстүр мен заманауи медициналық технологиялар үйлесім тауып, әйелге және оның табиғи процесіне деген құрмет басты орынға қойылады. Көптеген елде босану көбіне медициналық процедура ретінде қарастырылса, Жапонияда ол тыныштық пен құрметке толы маңызды өмірлік сәт ретінде қабылданады. Дегенмен елде тегін медицина жоқ, босану кемінде 3 000 доллар (1 512 390 теңге) тұрады. Үкімет Жапония азаматтары мен резиденттеріне босану шығынын өтеп береді.
- Егер босану қалыпты өтсе, ана мен баланы 5 күннен кейін шығарады.
- Әр таң сайын медбике сәбиді шомылдыру үшін алып кетеді.
- Перзентханада тәулік бойы жұмыс істейтін "комбини" (ыстық тамақ, нан-тоқаш өнімдері және тағы басқа тағамдар бар дүкен) бар.
- Перзентханада ана мен нәрестеге арналған арнайы киім беріледі", – деді Бота Болат.
Бота Болат босанғаннан кейінгі келесі күні таңертеңнен бастап медбикелер ана мен жаңа туған нәрестенің жағдайын тексеруге келетінін айтып берді. Оған гигиена мен жайлылыққа ерекше көңіл бөлінгені ұнаған.
"Әсіресе, нәрестенің температурасын, салмағын өлшейді және күнделікті шомылдыру рәсімдерін жүргізеді. Медициналық персонал әрдайым жанымызда: олар тек сәбиге күтім жасаумен шектелмей, емізу, нәрестені күту бойынша кеңестер береді. Сонымен қатар психологиялық қолдау көрсетеді. Жапон перзентханаларында бала тәрбиесі мен денсаулығы жөнінде жеке кеңестер өткізіледі. Ал әйелдің босанғаннан кейінгі күтімі туралы оның жұбайымен арнайы әңгіме жүргізіледі", – деді Бота Болат.
Фото: Видеодан скрин
Күн шығыс елінде босанған аруымыз босанғаннан кейінгі үшінші күні дәрігер мен медбикелер ана мен нәрестенің жағдайын бақылауды жалғастыратынын айтты.
"Егер тігістер салынған болса, олардың жағдайы тексеріледі, қан анализдері және басқа қажет тексерулер жүргізіледі. Сонымен бірге нәрестенің денсаулығы қадағаланып, оның салмағы, бойы, реакциялары және сары ауру белгілері тексеріледі. Перзентханада емізудің дұрыс техникасына көп көңіл бөлінеді. Медбикелер аналарға лактацияны қалыптастыруға көмектеседі, нәрестені дұрыс емізуді үйретеді және ауырсынудың алдын алу жолдарын түсіндіреді. Жапон перзентханаларында ананың босанғаннан кейін қалпына келуі өте маңызды. Мұнда демалыс жоғары бағаланады, сондықтан анасының күш жинауы үшін оған арнайы жағдай жасалады. Кейде бұл уақытта нәресте біраз уақытқа медбикелердің қарауына беріледі, ал анасы демала алады", – деді Бота.
Бота Болат үшінші күн бейімделу және перзентханадан шығуға дайындық кезеңіне арналғанын айтты. Отандасымыз басты назар ананың саулығы мен қалпына келуінде деп атап өтті.
@bota_bulat Еда в японском роддоме🤰🏻👼🏻🍼 #japanesebabynumber3 #заметкиизяпонии #childbirthjapan #japan #childbirth #ботаяпония #beppu #oita #родывяпонии #lifeinjapan #pregnant #pregnancy #baby #food #japanesefood ♬ оригинальный звук - botabulat
Әкелер 10 күндік қысқа демалыс ала алады
Келесі кейіпкеріміз Зүлфияның Италиядағы палаталардың жағдайы мен қалай тамақтанғанын айтып берді.
"Палатамызда теледидар, шкаф, дәретхана бар, ол екі адамға арналған. Бірақ сол жерде жалғыз жаттым. Палатаның жағдайы орташа, бірақ ең бастысы – тазалық. Күн сайын тазалап тұрды. Кешке босанғандықтан, аурухананың кешкі асын өткізіп алғаным есімде. Сол уақытта медбикелер маған нан, ірімшік, су тауып беріп, жеңіл тамақтанып ұйықтап қалдым. Таңғы ас әрдайым бірдей. Ыңғайлысы, оны бірден бөлмеге, кереуеттің жанына әкеледі. Сусын ретінде лимон қосылған қара шайды таңдадым, бірақ оны стақанға емес, неге екенін білмеймін, тікелей тәрелкеге құйып әкелді. Таңғы асқа екі қаптама нан таяқшалары, екі қаптама тосап, бір тілім сары май, сондай-ақ қант берілді.
Фото: Видеодан скрин
Түскі және кешкі ас әлдеқайда қызық болды, өйткені толық мәзір ұсынылып, тағамдардың грамдап өлшенген тізімі беріледі.
Мысалы, менің түскі асымда:
- Бірінші тағам – лазанье
- Екінші тағам – тауық еті мен картоп гарнирі
- Бір тілім ірімшік
- Жеміс (300 г алма мен алмұрт)
- Екі тілім нан және су
Кешкі ас мәзірі сәл өзгерді:
- Ризотто
- Ет пен цуккини
- Жеміс (алма орнына апельсин)
- Нан, су
Барлығы өте дәмді болды, маған ұнады", – деді Зүлфия.
Бұдан бөлек Зүлфия баланы босанған соң Codice Fiscale (салық кодын) алу қажет екенін ескертті. Қазақстандық арудың сөзінше, Agenzia delle Entrate (салық агенттігінде) жасалып, құжатты онлайн рәсімдеуге болады. Дегенмен бұны Зүлфия ұсынбайтынын ескертті.
"Үлкен қызымыздың педиатрын таңдадық, сондықтан бұл мәселе оңай шешілді. Бұрыннан бар дәрігеріңізді немесе кез келген басқа педиатрды таңдауға болады, бірақ ол үшін міндетті түрде Codice Fiscale болуы қажет. Әкелер 10 күндік қысқа демалыс ала алады. Бұл уақытта олар әйеліне және жаңа туған балаға көмектесе алады. Ол үшін баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін және басқа қажет құжаттарды ұсыну керек. Балаға арналған жәрдемақыны La pratica INPS della maternità della mamma арқылы рәсімдей алады. Assegno Unico Universale деп аталатын қосымша жәрдемақыны алу үшін ISEE (табысты растайтын құжат) қажет. Ал өтініш CAF арқылы беріледі. Бірақ бұл төлемдерді алу үшін баланың туу туралы куәлігі керек, ал оны тек 30 жұмыс күнінен кейін ғана сұратуға болады", – деді Зүлфия.
Зүлфия негізінен медициналық персоналдың жұмысына көбірек назар аударған. Қызметкерлердің қалай жұмыс істейтіні, қалай қызмет көрсететіні ұнаған. Сондықтан Римдегі San Camillo ауруханасын таңдағанына өкінбейтінін айтады.
@zulfiya_roma Рекомендации от больницы #sancamillo #lazio ♬ Aesthetic Vibes - sxldi
“Қазақстандағы перзентханалар шетелден кем түспейді”
Ал Әсем Советхан еліміздегі перзентханалардың шетелден кем түспейтінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда босану жүйесі жақсы дамыған, барлық қажет медициналық көмек қолжетімді. Құрбыларының тәжірибесін ескеріп, Алматыдағы №3 перзентханада босануды ұйғарған. Әсем осы жерде босанған таныстарының жақсы пікірлерін естіген. Өзі тіркелген емханасы да осы перзентхананы ұсынған соң, басқа жерге ауыспай, сол жерде қалуды жөн көріпті. Алғашқы жүктілігі және тұңғыш баласы болғандықтан, Әсем алдын ала үлкен дайындық жасамаса да, тұрмысқа шыққан соң сәбиді күткенін айтты. Жүктілігі кезінде өз бетінше фолий қышқылы мен кальций сияқты қажет витаминдерді қабылдап жүрді.
"Босануға дейін жоғары қан қысымына байланысты жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға түстім. Бірден дәрігерлердің бақылауына алынып, қан қысымын тұрақтандыру үшін арнайы дәрілер тағайындалды. Бір күн бойы үнемі тексерістен өтіп, медицина қызметкерлері жағдайымды қадағалап отырды. Перзентханада белгілі бір уақыт аралығында тұрақты тексерістер жүргізілетінін байқадым. Тіпті таңғы 05:00-те де медбикелер келіп, халімді сұрады. Босану процесінде бір акушер толық бақылау жүргізіп, қажет көмек берді. Жанымда серігім (партнер) болғандықтан, медицина қызметкерлері тек қатты толғақ кезінде келіп тұрды", – деді Әсем Советхан.
Фото: Әсем Советханның жеке архивінен
Әсем өзі эпидурал анестезияға қарсы болғандықтан ауырсынуды басатын дәрілер салдырған жоқ. Босанғаннан кейін 2 сағат өткен соң Әсемді палатаға ауыстырған. Осы сәттен бастап дәрігерлер мен медбикелер ана мен баланы жеке-жеке бақылауға алған.
"Палаталар таза, күнделікті тазалап отырды. Бірақ ортақ дәретхана болғаны кейбір жағдайларда қолайсыздық тудырды. Тамақтану жүйесі де реттелген. Босанған әйелдерге күніне үш мезгіл тамақты палатаға әкеліп беріп отырды. Перзентханаға келушілерге қатаң шектеу қойылған. Алайда ақылы босанған әйелге келушілердің кіруіне рұқсат берілді. Босану процесі толығымен тегін болды, мүлдем қосымша төлем жасамадым", – деді Әсем.
Еске салайық, бұған дейін көңілі толмай шағымданғандар да табылғанын жазған едік. Алматы тұрғыны сіңлісі Назым Назарымбеттің №2 қалалық перзентханада босану кезінде жамбас сүйегі ажырап кеткенін айтып, дәрігерлердің салғырттығына шағымданды. Оның айтуынша, сіңлісі толғақсыз жатқан кезде дәрігерлер толғақ шақыратын екпе салып, вакууммен босандырып алған. Салдарынан жамбас сүйегі 0,86 см ажырап кеткен.
Дәрігерлер бастапқыда оны ерте шығармақ болған, алайда ауырсыну күшейген соң тексеріс жүргізілген. Қазір Назым ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстайтындарын мәлімдеді.