Шейх жариялаған тегін шопингтің соңы талас-тартысқа ұласты (видео)
Қасиетті Рамазан айында халқына жақсылық жасағысы келген Біріккен Араб Әмірліктеріндегі шейхтердің бірі жарты сағаттың ішінде ірі сауда орталығынан алынған кез-келген тауардың ақшасын өзім төлеп беремін деп, тегін шопинг жариялаған.
Алайда, жаппай талас басталып, адамдар бір-бірін басып-жаншуға дейін барды, деп хабарлайды 31 арна.
Халқына жомарттық жасамақ болған аты-жөні белгісіз 26 жастағы шейх оң ниеті сатып алушылар арасында ұрыс-керіс, тартысқа апаратынын ойламаған болар. “Жарты сағат бойы дүкенде көңіліңіз қалағанның барлығы тегін болады” деген жарнаманы естігенде, құжынаған халықтан сабыр қашып, әп-сәттің арасында киім-кешек таңдап жүрген бикештер сауда орнының астан-кестеңін шығарады.
Ал ерлердің барлығы тұрмыстық техника сөрелерін қаумалап, бір-бірімен ерегесіп, тауарға таласып жанталасады.
Дінтанушы Қайрат Құрманбаев дәулетті адамның ниет-мақсаты дұрыс болған шығар, алайда тұтынушы ашкөздігі, ұйымдастырушы олқылығы әдепсіздікке алып келді дейді. Сондықтан садақа, зекет, қайырымдылық жасағанда бірінші кезекте “оған кімдер лайықты” деген сауал қою керектігін ескертеді.
“Сауда орнына барып тегін қыла салу, ол бір. Енді ойы, ниеті дұрыс шығар, алайда одан да тиімдірек, одан да дұрыс бағытта жұмсауға болады. Оны дініміздің өзі бізге реттілігін көрсетіп отырады, пақырлар, міскіндер, жетімдер, жолда қалғандар, қарызға батқандар деген сияқты құранда осындай бір топтарды санап өтеді”, – дейді дінтанушы.
Жалпы Исламда сауапты істі жарияламай, мұқтаждарға, жүйелі түрде әрі дәл уақытында беру дұрыс болып саналады.
Тағы да оқыңыз:
Атырауда қылмыскерге “көке” болып келген прокурор сотталды
Атышулы Үсенов демалыстан елге оралған бойда әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін