Шетелдіктерге "қазақпын" деп мақтанышпен айтамын: Эстонияда тұратын қандасымыз жырақтағы өмірі мен спорттағы жетістіктері жайлы сұхбат берді
Тарихи отанынан жырақта жүрсе де жүрегі “қазақ” деп соғатын азаматтар әр саланың шетін шығарып, белсенді тірлік қамымен ғұмыр кешіп жатыр. Көпшілігі ұдайы жол үстінде. Бір есептен, бабалар ізімен бағыт түзеген батыр аталарымыз кейінгі ұрпаққа да көшпенділіктің көне мұрасын қалдырып келді. Содан болар, жарық дүниеге келгелі өмірі шалғай сапарлармен сабақтасқан жерлесіміз қазір Отанынан жырақта, алайда есімі ТМД-дан асып, Азия мен Африка құрлығына жеткен. Жақында Валерий Жұмаділов деген ныспыны нысана ретінде алып, аз-кем ақпарат іздестіріп көрдік. Өзі Эстонияда туған, бірақ Шығыс Қазақстан десе жүрегі бөлекше соғатынын жазған. Тегі тарбағатайлық азаматпен Stan.kz тілшісі байланысқа шығып, сұхбаттасып көрді.
– Валерий Еркешұлы, әңгімемізді туып өскен жеріңізден, балалық шағыңыздан бастасақ. Бір сұхбатыңызда өміріңіздің кей сәттері ұзақ сапармен байланысты болып, сәби күніңізде ұдайы жол үстінде жүргеніңізді айтыпсыз...
– Әкем Еркеш Жұмаділов – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылының тумасы. Атам Жұмаділ Оспанов 1942 жылы қан майданда неміс басқыншыларымен соғыста қаза тапты. 1945 жылы іш сүзектен әжем көз жұмды. Ата-анасы келместің кемесіне мінген соң артынан үш ұлы қалды: Жылқаш, Еркеш Жармұқаш. Көп ұзамай үшеуі де әпкемнің қолына өтті. Жұпыны тірлік, күрделі сәттер жиі қылаң беретін. Ағайындылардың киетіні бір етік, қыста аулаға кезектесіп шыққан. Жаз шыға әкем шопандарға көмекке жұмылдырылды. Өзіне ес болған тайыншадай төбеті көл жағалағандар үшін көп көмегін тигізетін. Қыста итін балықшыларға жалға беріп, олар түсірген олжасын Өскеменге саудалады. Бұл уақытта Жылқаш ағам Шығыс өңіріндегі қазақ тілді жалғыз мектеп – Жамбыл гимназиясына түсіп, үздік оқуымен ұстаздардың үкілеген үміті атанды. Мұғалімдер “Аға-інілерің де алғыр болса, есігіміз ашық” деген соң алдымен әкем, сосын Жармұқаш ағам осында орнықты.
– Әкеңіз Тұғылдың тумасы, өзіңіздің туған жеріңіз Смоленск өңірі екен. Сіз өмірге келген жылы ата-анаңыз Ресейде тұрды ма?
– Әкемнің математикаға деген қабілеті таңдай қақтырарлық еді. 10-шы сыныпты аяқтаған соң Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетіне оқуға түсуге жіберілді. Дегенмен ол жақта бір аспирант: “Бәрібір орысша білмейсің, не үшін келдің?” деген соң әрі қарай қалуды құп көрмей, елге оралды. Семейдегі теміржол институтын тәмамдап, Сібірге көш түзеді. Теміржол салуға барған әкем сол жақта Смоленскіден келген анамды жолықтырып, 1960 жылы отау құрды. Сенесіз бе, манағы бүкілкеңестік Абақан-Тайшет комсомол құрылысына 10 мыңға тарта жасөспірімдер мен қыздар тартылды. 1961 жылы мен өмірге келерде анам декретке шығып, босану үшін Смоленскке аттанды. Себебі, атам мен әжем сол жақта еді. Жат жерде осылай өмірге келдім. Бірақ біз ол жақта көп аялдамадық. Бір айлық кезімде алғашқы «сапарым» басталып кетті. Смоленск облысынан Красноярск өңіріне дейін анамның құшағында жатып, 5000 шақырымды бағындырыппыз. Төрт жасыма дейін пеші тепсіне қызып тұратын вагон тербелісінде жүріп көшпенді өмірдің бел ортасына түстім. Әкем мен анам құрылыс-монтаж пойызында тер төгіп, жол учаскелерін салатын. Бір жерден екінші жерге ауысып жүрді.
– Сәби күніңізден алыс жолдарға жиі шығуыңыз өзіңізді әбден шынықтырған сияқты. Жалпы, Тарбағатай өңіріне алғаш қашан бардыңыз?
– Негізі екінші ұзақ сапарымды осы Тұғыл ауылына жасадым. Алғашқысына қарағанда жол едәуір қысқа, 1500 шақырым. Бұл 1962 жыл болатын. Анамның айтуынша, жүрдек пойыз Өскеменге тоқтайды, ары қарай Тұғылға дейін не көлік, не автобус қатынамайды. Жол деп те айта алмаймыз, әйтеуір жатқан бір бағыт. Апыр-ай, сонда әке-шешем жарты күн бойы қолдарындағы шабадан мен бірге мені жаяу көтеріп жүріпті. Ес кетті, жан шықты дегенде кешқұрым біреу тоқтап, межелі жерге табан тіредік. Анам “Енді Қазақстанға бармаспын” деп біржола өкпелеген. Содан жыл сайын әжеме Смоленск облысына барып жүрдім.
– Әкеңіз жайлы мол мәлімет ұсындыңыз. Енді Тұғыл ауылы жайлы естеліктеріңізбен бөлісіп, анаңыз туралы айта кетсеңіз...
– Бұл жағы еміс-еміс қана есімде. Әлі тым кішкентай болғандығымнан шығар. Екінші рет 50 жасымда бардым. Әкемнің әпкесі Маруаш апайдыкіне аялдадық. Жаздыгүні еді, апамның үйі немерелерінің шуылына астасып, абыр-сабыр болып жатты. Бүлдіршіндерді басымнан асыра көтеріп, мәре-сәре болдық. Көкке көтерілуге бәрі бірінен соң бірі кезекке тұрып, жанымнан екі елі кетпеді. Сосын Зайсан көліне шомылдық. Қой сойып, бешбармақтан алып, атажұртымызда аунап-қунап қайттық.
Анам Римма Дембицкая, Смоленск облысының тумасы. Беларусь еліне жақын шекарадағы ауылда дүниеге келген. Әкесі белорусь, анасы орыс. Неміс оккупанттары Беларусь жеріне баса-көктеп кіргенде небәрі бір жаста болды. Смоленск отқа оранғанда немістер анасы екеуін Батыс Еуропадағы концлагерьге жіберуге шақ қалған. Бөбектің періштесі жебегендей, әйтеуір тозақ шеңберіне түспеді. Соғыс өткеріп, оқуын тәмамдады, ал 18 жасында Сібір теміржолында жұмысын бастады. Қазір зейнетте, әпкеммен бірге Вязьма (Ресей) қаласында тұрады.
– Анаңыздың тегіне мән берсек, арғы тегі славян тектес басқа ұлт сияқты?
– Толық айтсақ, Римма Павловна Дембицкая. Жалпы, Дембицкая деген поляк тегі Беларусь елінде ара-тұра ғана кездеседі екен. Соған қарағанда анамда поляктардың қаны болған сияқты. Қысқасы, бойымда бірнеше ұлттың қаны араласып жатыр, кейбірі тіпті “қазақпын” десем, күмәнмен қарайды. Бала күнімнен қазірге дейін жұрт менен: “Валерий, сіздің ұлтыңыз кім?” деп жиі сұрап келді. Бастапқыда ойға батып, жауап беруде сәл ойланып кететін едім. Бірақ 60-қа таяған кезімде кесімді сөзімді қамдап, “Қазақпын!” деп келте қайыра жауап бердім. Қазақы салтқа салсам, бұлай деуіме толық негіз бар. Туысқандарым, достарым да қазақтар. Жасыратыны жоқ, ұлтым жайлы мақтанышпен айтамын. Бір есептен, әкем Қабанбайдай даңқты батыр дүниеге келген Тарбағатайда туған. Ол ауданда бахадүрдің құрметіне орнатылған ескерткіштер жетерлік.
– Спортпен айналысқан кезіңізге тоқталмас бұрын, Қазақстан мен Эстонияның менталитетіне тоқталып өтсек…
– Әлбетте, айырмашылықтар байқалады. Кей адамдар эстон халқын табиғатынан баяу қимылдайды деп жатады. Шындығында олай емес, олар тек өз эмоциясын көпшілікке білдіре бермейді. Шетінен байсалды. Содан болар, сырт көзге ашуланбайтындай көрінуі мүмкін. Мен мұны осыдан 36 жыл бұрын, Таллинге алғаш табаным тигенде байқадым. Трамвайдағы мүлгіген тыныштыққа таң қалдым. Дауыстап, шулап әңгіме тиегін ағытқан жан байқалмады. Қол жалғап, билет алуға ұмтылған ешбірі жоқ, әркім кондуктормен өзі барып есептесіп жатты. Ал Қазақстанда басқаша. Айталық, осыған дейін елордадан Алматыға ұшқанымда тіркеу кезінде аты-жөнім тізімде жоқ болып шықты. Бірден әуежайдың екі қызметкері көмекке ұмтылып, мәселені тезірек шешуге тырысты. Оларды қойып, кезекте тұрған жолаушылар да қол ұшын созуға асықты. Құдды барлығы мен үшін қам жеп, қолдауға әзір тұрғандай. Бір-бірімізді танымаймыз, бірақ ақыл-кеңестерін айтып бақты. Эстонияда осындай жағдай болса, қызметкер ғана салқын тіл қатып, жұмысын жалғастырар еді. Ал кезек күткен жұрттың менде шаруасы жоқ.
– Үлкен спортқа қалай келдіңіз?
– Спортшы атануым кездейсоқ. Арықтайын деп жүгіріп бастадым, көңілімнен шықты. Кейін жарыстар болатынын біліп, қатысып көрдім. Біртіндеп нәтижелер көрсетіп, Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы сайысқа бардым. Сонда сегіз жыл бұрын көріскен досымды ұшырастырып, мені көргенде таң-тамаша болды. Жолыққан сайын: “Мен 20 жасымда Спорт шебері атандым, ал сен ешнәрсеге қатыспай қалайша 50 жастан кейін спортшы атандың?” деп жиі сұрайды. Бірақ мен бұдан ертерек айналысып бастадым. Қырықтың қырқасына шыққанда тренаржерлік залға барып, штангамен отырып-тұрып дайындалдым. Ол кезде әуесқой деңгей болатын. Темір-терсек көтеріп, өзім үшін әзірлік жүргіздім, жарыстарға қатыспадым. Бірақ 50-ге келгенде бұлшық еттерім білеуленіп, кейін йогаға ден қойдым. Сіңірлерім де созылып, жұмсара бастаған. Содан болар, 50 жастан асқан соң қысқа қашықтықтарға желдей естім.
– Неліктен жеңіл атлетиканы таңдадыңыз?
– Себебі әлем бойынша талай тәжірибе осы спортқа жиналған. Ауқымды статистика жүргізіледі, жаһандық жарыстарға қатысушылар легі жыл санап артуда. Көп елдерде құлашын кеңге жая бастаған. Әлеуетіңді өзгелермен салыстырып, тәжірибе алмасуға болады. Өскеніңді, я өшкеніңді бағамдайсың. Одан бөлек, ғаламшардың әр түкпірінен көптеген достар таптым. Жапония, Тринидад және Тобаго, Аустралия сынды экзотикалық елдерден де емен-жарқын араласатын атлеттер аз емес. Содан ардагерлер арасындағы осындай бәсекелер Қазақстанда да дамыса ғой деген ой келді. Себебі, жеңіл атлетика – спорттың базалық түрі. Мәнерлер сырғанаушы, боксшы болсын, дене қыздыруды жүгіруден бастайды.
– Сөзіңізге мән берсек, әр ісіңізге ғылыми көзқараспен қадам жасайтын сияқтысыз…
– Өзімнің YouTube арнамда дұрыс жүгіру әдістерін айтамын. Егер бұрын-соңды айналыспаған болсаңыз, алғашқы әрекетті неден бастау керек, қалай жарақат алмауға болады – барлығы қамтылған.
– Сайыстарда Қазақстан туы астында өнер көрсетесіз бе? Жалпы, қандай қашықтықтар оң жамбасыңызға келеді?
– Иә, 2020 жылға дейін жарыстарға Эстонияның атынан қатыстым. Ал былтырдан бері ресми түрде тарихи Отанымның намысын қорғап келемін. 200 метрге жүгіруде өзімді еркін сезінемін, одан бөлек, 60 пен 100 метр бар. Кейде 400 метрге де көсілемін.
– 50 жастан асқандар арасында 60 метрге жүгірудегі ел рекорды сізге тиесілі деп естідік. Қай қашықтықтарда?
– Нақтырақ айтсақ, 55+ санаты бойынша 60, 100, 200 және 400 метр қашықтықтарында Қазақстан рекордын орнаттым. 60+ бойынша 100, 200 метрдің рекорды әлі сол күйі сақталған. 60 жастан асқандар бойынша мен тіркеген нәтиже Ресей мен Эстониядағы көрсеткіштерден жоғары.
– Әйгілі желаяқ Усейн Болтпен туған күніңіздің тұспа-тұс екені рас па?
– Иә, екеуіміз бір күнде өмірге келдік. Айырмашылық тек жас ерекшелігімізде (жымиды). Ол 1986 жылы туған, ұлыммен жасты.
– Қазақстанда туыстарым көп дедіңіз, жиі келіп тұрасыз ба?
– Өскеменде аға-әпкелерім тұрады. Кейбір ағайыным Алматыда. Енді олармен жиірек көрісуге мүмкіндік туындады. Былтырдың өзінде Қазақстанға үш рет атізін салдым.
– Бала-шағаңыз да әке жолын жалғап, спортты таңдаған шығар?
– Рас. Ұлым Олег 36 жаста. Күштік көпсайыстан Еуропа чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ресейде кең етек жайған Vortex Battle бәсекесінде топ жарды. Қазір тауда жүруге арналған велосипедпен небір жаттығулар жасайды. 18 жастағы қызым Ангелина 11 жыл көлемінде тенниспен айналысып келеді. Екінші қызым Диана 17-де, волейболға қызығушылығы мол. Тимур есімді немерем карате мен мәнерлеп сырғанауды қатар алып жүр. Жұбайымның есімі Светлана. Айтпақшы, спортпен қатар, қоғамдық жұмыстарға қатысып келеміз. Жуырда ғана ардагерлер арасында Қазақстан чемпионатын өткіздік. Мен Таллинде отырып, қашықтан көмектестім.
– Үлкен спортта алға қойған мақсатыңыз қандай?
– Азия чемпионатында оза шабу. Жоқ дегенде екінші орын. Сонда атажұртымда халықаралық дәрежедегі Спорт шебері атанамын. Былтыр қатысу жоспарда болды, оған жер-жерде індет өршіп, сол күйі ұйымдастырылмады. Келер жылдан үміт күтемін. Айтпақшы, ресейлік ірі екі басылымнан денсаулық және дене шынықтыру жайлы кітап жазу туралы ұсыныс түсті. Біреуін бастап кеттім, тиражы бекітілді. АСТ баспасы. Әлі бірқатар жоспарым бар.
– Валерий Еркешұлы, уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет. Ісіңіз ілгерілей берсін!
Сұхбаттасқан: Әділхан Есімханов