Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық шенеуніктердің шетелдегі шоттарында қанша активі бары айтылды

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор арасындағы жалпыға бірдей декларациялау қорытындысын жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде жалпыға бірдей декларациялаудың екі кезеңі өтіп, нәтижесінде 58 елдегі шетелдік банктерде Қазақстанның 533 азаматының есепшоттары бары анықталды.

"Жалпы ақша сомасы 113,5 миллиард теңгені құрайды. Ресей Федерациясы, АҚШ, Франция сияқты елдерде. Сондай-ақ 2005 азамат 52 елде: Ресей, Түркия, Әзірбайжанда 2483 жылжымайтын мүліктерін жариялады", - деді Біржанов. 

Сондай-ақ ол 916 азамат 55 елде 1017 көлік тіркегенін және 97 азаматтың елден тыс 122 коммерциялық ұйымда үлесі бар екенін айтты. Бұл Ресейде, Қырғызстанда және АҚШ-та. 

Қаржы министрлігінің өкілі Қазақстанның страсбург Конвенциясына қосылғанын, оған сәйкес Қазақстан басқа мемлекеттермен өз резиденттері туралы мәліметтер алмасатынын түсіндірді. Бүгінде мұндай деректерді 80 мемлекет бергенін атап өтті. 

Жақында 2023 жылдың қорытындысы туралы ақпарат түседі деп күтілуде. Жаңа деректер Мемлекеттік кірістер департаменттерінің бақылауына алынады.

"Бірінші кезең аясында біз жұмыс істеп жатқан 600-ден астам азаматымыз туралы мәліметтер алдық. Бұл азаматтардың 3 миллиард теңгеден астам қаржысы декларацияланып, Қазақстан бюджетіне, яғни шетелден алған кірісіне жіберілді", - деді вице-министр.

Талқылау